Түркістанда өткен байдарка және каноэмен есу спортынан Азия чемпионаты жанжалмен аяқталды. Түркістан облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Тимур Алиханов Ұлттық ескек есу спорт түрлері федерациясының атқарушы директоры Даулет Сұлтанбековтің үстінен полицияға шағым түсірді. Жаттықтырушының әлеуметтік желіде жазуынша, оқиға 7 маусым күні жарыс кезінде болған.
Оның жазуынша, Дәулет Сұлтанбеков оны екі рет жақ тұсынан ұрып, көпшілік алдында қорлаған және жұмыстан шығарамын деп қоқан-лоқы көрсеткен. Оқиғадан кейін Тимур Алиханов полицияға арыз жазған. Алайда ол арызын қайтарып алуға мәжбүрлеу әрекеттері болғанын айтады. Мұндай қысымды Даулет Сұлтанбековтің өзі және Түркістан облыстық спорт мектебінің директоры көрсеткен. Оқиғаға қатысты Ескек есу спорты түрлерінен Ұлттық федерацияның ресми мәлімдеме жасады.
«Қазіргі уақытта бұл факт бойынша құзыретті органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Оның аясында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, барлық қатысушының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады»
ЕСКЕК ЕСУ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІНЕН ҰЛТТЫҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫ
«Қайық» федерациясы» әдеп, өзара құрмет қағидаттарының сақталуын әрі кез келген спортқа жат мінез-құлыққа, арандатушылық пен спорт қоғамдастығының беделіне нұқсан келтіруі мүмкін іс-әрекеттерге жол бермеуді дәйекті түрде жақтайтынын жазды. Ал жарияланған бейнематериал болған жағдайдың толық көрінісін көрсетпейтінін және контекстен жұлып алынған оқиғалардың жекелеген үзінділері екенін ескертті.
Дилара Иса



