Úı ANONS Автонесиеге сұраныс төмендеді

Автонесиеге сұраныс төмендеді

Қазақстанда автонесиеге сұраныс бәсеңдеп келеді. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында банктерге түскен автокөлік несиесіне өтінімдер саны өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға азайған. Сарапшылар мұны жоғары пайыздық мөлшерлемемен, қарыз алушыларға қойылатын талаптардың күшеюімен және автосалондардың балама қаржыландыру бағдарламаларының кеңеюімен байланыстырады. Нәтижесінде жаңа көліктердің бағасы төмендегенімен, автонесие нарығындағы белсенділік саябырсыған.

 

Қазақстандықтар көлікті несиеге сатып алуға бұрынғыдай құлық танытпайды. Жылдың алғашқы үш айында берілген жаңа автонесиелер көлемі 17 пайыздан астамға қысқарған. Ал бөлшек несиелеу нарығындағы автонесиелердің үлесі 10 пайыздан төмен түскен.

 

РАМАЗАН ДОСОВ, ҚҚҚ БАС САРАПШЫСЫ: «Егер негізгі себептерге тоқталсақ, бірінші тоқсанда ақша-несие саясаты қатаң болды. Базалық мөлшерлеме тоқсан бойы он сегіз пайыз деңгейінде сақталды. Сонымен қатар автонесие бойынша мөлшерлемелер де өсті. Егер екі мың жиырма бесінші  жылдың алғашқы тоқсанында орташа мөлшерлеме он төрт бүтін оннан сегіз пайыз болса, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ол жиырма төрт бүтін оннан сегіз пайызға жетті».

 

Мамандар сұраныстың төмендеуіне несие беру талаптарының күшеюі де әсер еткенін айтады. Қазір автонесие рәсімдеу қиындай түскен. Банктер қарыз алушылардың төлем қабілетін мұқият тексеріп, өтінімдердің басым бөлігіне несие беруден бас тартуда. Биылғы жылдың алғашқы үш айында автонесиеге шамамен 1 миллион 200 мың өтінім түскен. Алайда олардың небәрі 15 пайызы ғана мақұлданған.

 

АЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ: «Қазір көптеген автосалондар көліктерді өздерінің арнайы бағдарламалары арқылы сатуда. Кейбірі нөл бүтін оннан бір  пайыздық бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынады, енді бірі бір немесе екі жылға пайызсыз бөліп төлеу жүйесін енгізген. Яғни, автосалондар белгілі бір банктермен жұмыс істеп, өз бағдарламаларын ұсынады. Сондықтан көптеген адамдар тікелей банкке жүгінуден бас тартады. Сонымен қатар трейд-ин арқылы көлік сатып алу да көбейді. Азаматтар ескі көлігін өткізіп, айырмасын қолма-қол төлейді».

 

Соған қарамастан, жаңа автокөліктердің бағасы едәуір төмендеген. Бір жыл бұрын 18 миллион теңге тұрған кейбір көліктер бүгінде 11-13 миллион теңге аралығында сатылып жатыр. Алайда сатып алушылар баға тағы да арзандайды деген үмітпен асығар емес. Дегенмен сарапшылар көлік құнының алдағы уақытта айтарлықтай төмендеуі екіталай екенін айтады.

 

Қазақстандағы автопарктің жаңару қарқыны да көңіл көншітпейді. Қазір ел бойынша шамамен 6 миллион көлік тіркелген болса, жыл сайын олардың тек 200-230 мыңы ғана жаңартылады. Бұл жалпы автопарк көлемімен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. Соның салдарынан еліміздің жолдарында жасы ондаған жылға жеткен көліктер әлі де көптеп кездеседі.

Нұргүл Жолымбетова