Úı ANONS Шекарада ұзын сонар кептеліс

Шекарада ұзын сонар кептеліс

Ресей мен Қазақстан шекарасында көлік қозғалысы қиындады. Екі ел арасынан өту процесі баяулап, тексеру жұмыстары ұзақ уақыт алып жатқан көрінеді. Салдарынан ұзын-сонар кезек пайда болыпты. Құзырлы органдар мұны маусымдық жүктеменің артуымен түсіндіріп, шекарадан өтуді алдын ала жоспарлауға және электронды кезек жүйесін қолдануға кеңес береді.

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы бекеттерде көлік кептелісі сейілер емес. Өткізу пункттерінде ұзын-сонар кезек пайда болып, жүргізушілер бірнеше күн бойы жолға шыға алмай отыр екен.

ШАКИР УМАРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Маштак елді мекенінде де жағдай дәл сондай. Кезек өте ұзақ. Енді алдағы бір тәуліктің ішінде осы кезектен өтіп кетеміз деп үміттенеміз»

Мұндай кептеліс салдарынан әсіресе, тез бұзылатын жүк тасымалдаушылар шығынға ұшырап отыр екен. Жүргізушілер бұл жағдайға өткізу бекеттерінің аздығы себеп деп отыр. Ал шекарашылар болса, қарбаласты маусымдық тасымал көлемінің артуымен байланыстырып отыр.

 ҚР ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТІ

«Жағдай көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін тасымалдау көлемінің маусымдық артуымен байланысты. Күту уақытын барынша қысқарту үшін өткізу бекеті күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қажетті шаралар қабылданып, жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара іс-қимыл ұйымдастырылған».

КСМ: Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, шекарада электронды кезек жүйесі енгізілген. Оның көмегімен жүргізушілер шекарадан өту уақытын алдын ала белгілеп, сапарын жоспарлай алады. Сондай-ақ мамандар жолға шықпас бұрын жағдайды бағалап, қажет болған жағдайда балама бағыттарды қарастыруға кеңес береді. Ал шекарада бірнеше тәулік бойы тұрған жүк көлігінің жүргізушілері өзара бауыр басып қалыпты. Тіпті, олар туған күні болған жүргізушіні тексеруден кезексіз өткізіп жатыр екен.

Лаура Бабас