Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша тергеу аяқталды. Алты айға созылған қылмыстық істің материалдарымен жәбірленуші тарап танысып жатыр. Марқұмның туыстары сот процесінің ашық әрі онлайн форматта өтуін талап етеді. Олар күдіктіні өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Нұрайдың ісінде қандай сұрақтар әлі де жауапсыз қалды? Жәбірленуші тарап неге қайғырып та үлгермедік деп отыр? Толығырақ алдағы сюжетте.
Өз үйінің маңында кісі қолынан қаза тауып, дүйім жұртты дүр сілкіндірген 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың қорғаушысы әлеуметтік желіде хабарлады. Полиция бұл ақпаратты растады.
Іс 6 ай тергелді. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, іс 12 томнан, әр том 180-беттен тұрады. Жәбірленушілер қазір істің 7 томымен танысып жатыр. Тергеуге қатысты сұрақтар бар. Оған жауап алу мақсатында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовке қайта қайырылып, қабылдауына жазылған. Әзірге одан нақты жауап болмапты.
СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, МАРҚҰМ НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ АҒАСЫ: «Тергеу енді дұрыс бағытта жүргізілген. Қаншама уақыт, қаншама тер төгілді. Тергеуге барынша атсалысып, көмектесіп. Әрине сыртқы фактор бар. Іштей қазіргі ситуацианы өзіміз ғана көре аламыз. Өйткені өте көп жұмыс атқарылып жатыр көрінбейтін. Сұрақтар шешіліп жатыр. Кейбіреулері бірақ кейбіреулері өкінішке қарай жүгініп отырмыз».
Сұлтан Серікбай тергеу құпиясына байланысты министрлікке қойылатын сұрақтарды ашып айта алмайтынын жеткізді. Күдіктімен марқұмның туыстары беттестірілмеген. Тек қорғаушысы кездескен. Ол соттың ашық әрі онлайн көрсетілуін сұрайды. Бұл ашықтық пен әділдік үшін қажет дейді.
СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, МАРҚҰМ НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ АҒАСЫ: «Ең бастысы сот барысының дұрыс жүргізілуі. Онлайн форматта. Және толық ашылса екен дейміз. Одан кейін осы соттан кейін ештеңе жоқ дейді. Осы соттан кейін екінші сотымыз бар. Яғни тергеушінің соты. Ол тараптан да тағы дайын болуымыз керек. Өзіміз шыны керек қазаның артынан осындай істерді атқарып жатқаннан кейін қайғырып та үлгермей жатырмыз. 6 ай өтсе де күнделікті жұмыс, күнделікті уайымдау, күнделікті тербеліс. Жоқтықты қатты сеземіз. Бірақ сенбейміз онда болғанына. Тек әрекет жасап жатырмыз. Осы іс бітпейінше біздің жүрегіміз тынышталмайды. Іс дұрыс аяқталса ғана жүрегіміз тынышталады».
Жәбірленуші тарап күдіктінің өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етеді. Себебі ол қоғамға қауіпті дейді Сұлтан Серікбай. Тараптар іспен танысқаннан соң прокуратураға жолданады. Прокуратура зерттеп, зерделеп болған соң ғана іс сотқа жолданады.
Іс «Аса қатігездікпен адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабымен тергелген. Айта кетейік, 11 қаңтар күні кешке Шымкентте Нұрай Серікбайды танысы аяусыз пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетті. 28 жастағы күдікті арада екі күн өткенде ұсталған еді.
Дилара Иса






