Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтарға банк шоттарын тауып берген 20–25 жас аралығындағы бес адам сотталды. Заң бұзушылар былтыр шілде айында ұсталған. Тергеу барысында жиналған материалдар олардың интернет-алаяқтықтың 31 эпизодына қатысы барын анықтады.
Шетелде отырған алаяқтар қазақстандықтарға ұялы байланыс операторларының, банк қызметкерлерінің және басқа да ұйымдардың атынан хабарласқан. Олар әртүрлі сылтаумен азаматтарды SMS арқылы келген кодтарды айтуға көндірген.
Одан кейін қылмыстық топтың басқа қатысушылары жәбірленушілерді олардың қаржыларына қауіп төніп тұр деп сендіріп, ірі көлемде несие рәсімдеткен және ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аудартқан.
Бұл шоттар шын мәнінде дроптардың атына ашылған болған. Ақша сол шоттар арқылы шетелге шығарылып отырған. Ал осы дроптарды тауып, қылмыстық схемаға тартумен әрбір транзакциядан пайыз алып отырған бес солтүстікқазақстандық айналысқан.
Бірқатар қылмысқа көмектескені үшін олар сот алдында жауап берді. Мамыр айында сот үкімімен айыпталушылар 2 жылдан 6,8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сот жәбірленушілердің талаптарының бір бөлігін қанағаттандырды. Сотталғандар бірнеше эпизод бойынша келтірілген залалды өтеуге міндеттелді. Бір жағдайда залал 22 млн теңгеден асқан. Басқа талаптар азаматтық тәртіппен қаралуы мүмкін. Үкім заңды күшіне енген жоқ.







