«Шымкентте операға сұраныс көп, алайда театрдың жағдайы мәз емес». Бұл туралы Шымкент қалалық опера және балет театры директорының міндетін атқарушы Майра Мұхамедқызы мәлімдеді.
Қойылым ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналады. Аталған өнер ұжымы көрерменге ұсынып отырған «Домалақ ана» премьерасына қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. «Көмек сұрап барғанымда өнер шаңырақтарының бірі де жәрдемдеспеді», деп ашынған басшы әріптестеріне қапаланып отыр.
Майра Мұхаммедқызы, «Шымкент қалалық опера және балет театры» МКҚК директорының міндетін атқарушысы:
—Мен келгенде театр жабылып қалудың сәл-ақ алдында тұр екен. Бір жерін тесіп қалсаңыз, бір проблема шығады. Төбемізден сарылдап су ағып жатқан. Мына көне ғимараттың тозғаны соншама, келгеннен бері шығармашылық емес, осының есік-тесігін жамап, осымен күресіп келе жатырмыз. Мен келгенде тіпті А4 қағазы да жоқ еді. Сенесіздер ме? Енді соның бәрін қарап, іздестіріп есік-тесігімізід жамауға тырысудамыз. Бізде әлі күнге дейін wi-fi да қосылмаған. Ал оған қаржы жоқ. Ақша мәселесі бойынша үкіметке ұсындым. Қаңтар айынан бері бір тиын түскен жоқ. Сондықтан бүкіл жерге өтініш тастап, өзімнің беделімнің арқасында алып жатырмын. Мен ешқайда қашпаймын, мынаны бітіріп алайық. Содан кейін бәріңізге тауып беремін деп жүрмін. Оған дейін үкіметтен қаржы бөлінетін шығар деп үміттеніп қоямын. Ал бұл премьера бізге өте қымбатқа түскелі тұр. Өйткені Лед экранымыздың өзі 10 күнге 4 млн. теңге. Ойлаңызшы. Негізі біздің әр қадамымыздың өзі қаржыға келіп тіреліп тұр.
«Домалақ ана» операсы әлемнің және еліміздің танымал өнер майталмандарының қатысуымен өтпек. Ал көрермен бұл премьераны наурыздың 6-сы мен 16-сы аралығында тамашалай алады. Билеттерді театр кассасынан немесе онлайн алуға мүмкіндік бар.
Мөлдір Ибадуллаева