ШЫМКЕНТТЕ «ЖҮРГІЗУШІ, ПАРА БЕРМЕ!» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

160

 

«Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қалалық полиция департаментімен бірлесе «Жүргізуші пара берме!» акциясын ұйымдастырды.

Шараның басты мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жүргізушілер мен полиция қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу, жүргізушілерге пара берген де, алған да жауапкершілікке тартылатындығын түсіндіру болып табылады.

Республика даңғылында бастау алған акция барысында 200-ге жуық жүргізушілерге 1424 Call-орталығы және Жобалық кеңсенің байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық афишалар таратылды.

«Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Жол патрульдік полиция қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама нормаларын түсіндіріп, азаматтармен профилактикалық әңгіме өткізді.
Жобалық кеңсе басшысы Жани Қамбар акцияға қатысушыларды пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатынын ескертіп, жемқорлыққа жол бермеуге шақырды.

«Бұл ескертпелер тек жүргізушілерге ғана емес, полиция қызметкерлеріне де тікелей қатысты. Қызмет барысында заңды бұзбауға әр қызметкер міндетті» – дейді Ж.Қамбар.
Оның айтуынша шара барысында жол патрульдік полиция қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді жұмыс жасауға дайын екендіктерін көрсете білген.
Ұйымдастырушылармен қатар, аталған акцияға қолдау көрсеткен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Саналы ұрпақ» студенттік клубының белсенділері, жолаушыларға арнайы әзірленген брошюраларды таратып, өздерінің белсенділіктерімен жемқорлыққа жастар қарсы екендігін көрсетті.

Жемқорлықтың алдын алуды көздеген «Жүргізуші, пара берме!» акциясы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.