Шымкент қаласында Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз мерекесінде «Таза табиғат» экологиялық жалпыұлттық жобасы аясында ағаш отырғызу акциясы өтті. Игі шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және Қаратау ауданының ардагерлері мен депутаттары, қоғамдық кеңестердің, жастар және волонтерлік ұйымдардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қала басшысы бастаған топ әз Наурыз мерекесінде «Нұрсәт» тұрғын алабында орналасқан «Астана» аллеясына жиналып, 250 түп қылқан жапырақты арша мен қара ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша, Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау басталды.
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтаған Мұрат Дүйсенбекұлы өз сөзінде мерекеде тек той тойламай, қала аумағын тазалау және ағаш отырғызу жұмыстарына қатысуға шақырды. Сонымен қатар, отырғызылған жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп отыру керектігін жеткізді. Айта кетейік, көктемгі көгалдандыру кезінде әр ауданда 10 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған
.
Жалпы Шымкент қаласында 6 миллионға жуық жасыл желек бар. Өткен жылы 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» қалыптастырудың жоспары бекітілген. Жоспар бойынша 6,5 млн түп ағаш отырғызылатын болады. Осылайша, қаладағы ағаш қоры екі есеге артады.