«Үздік офицердің анасы». Қаладағы түзеу мекемесі қызметкерлерінің аналарына осындай төсбелгі табысталды. Бұрын-соңды берілмеген бұл марапатқа алғаш рет ИЧ 167/10 түзеу мекемесіндегі үздік 12 қызметкердің анасы ие болды.
Жауаптылар сөзінше басталған игі шараның бұл соңы емес. Алдағы 7 мамыр ерлер мерекесінде офицерлердің әкелері марапатталуы мүмкін.
Шымкенттік Балқия Арғынбаеваның қуанышында шек жоқ. Себебі көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында оны ИЧ 167/10 түзеу мекемесінде қызмет ететін ұлының әріптестері құттықтауға келді. Және тек ыстық ықыласын білдірмей, арнайы төсбелгі де табыстады. «Үздік офицердің анасы» медалін алған тұрғын бұл мерекенің ерекше есте қалатынын айтады.
Балқия АРҒЫНБАЕВА, «Үздік офицердің анасы» төсбелгісінің иесі: «Өте қуаныштымын. Өте бақыттымын. Баламның осындай жетістіктерге жетіп, келіп құттықтап, әріптестерінің келіп жатқанына өте қуаныштымын. Баламның осындай дәрежеге жетіп, анасын құттықтап, медаль беріп, алғыс хат беріп құттықтап жатқан менің балама да мыңда бір алғыс айтам».
Дәл осындай төсбелгі 12 анаға табысталды. Олардың барлығының да балалары ИЧ 167/10 мекемесінде жұмыс істейді. Айта кетейік, мұндай марапат мекемеде бұрын-соңды берілмеген. Қошеметке тек үздік қызметкерлердің аналары емес, пандемия кезінде індеттен көз жұмған мамандардың жақындары да бөленді.
Бағдат ҚУАНДЫҚОВ, ИЧ 167/10 түзеу мекемесі бастығының орынбасары: «Өзіміздің мекемеде қызмет атқарып жатқан қызметкерлердің жұмыс барысындағы адал еңбектері және де жұмыс барысында жетіп жатқан жетістіктерін негізге ала отырып, мекеменің басшылық құрамамымен зерделеп әрбір қызметкердің жұмысына баға бере отырып, қызметкерлердің аналарын естен шығармай мейрам қарсаңында құттықтауды жөн көрдік».
Жауаптылар сөзіңше, бұл марапаттың соңы емес. Енді төсбелгі 7 мамыр қарсаңында офицерлердің әкелеріне де табысталмақ.
Назерке Үкібасова