2025 жылы барлық ауыл ауыз сумен қамтылады

48
фото Tengrinews.kz

2025 жылы Қазақстандағы барлық ауыл сумен қамтылады. Осылай деген үкімет мүшелері алдағы 4 жылғы ауыл жоспарымен бөлісті. Шалғайдағы елді мекендер жағдайын жақсарту мақсатында жасалған жоба бойынша елдегі елдімекендерде тағы 1993 денсаулық сақтау нысаны бой көтеріп, 5 мың мектеп салынбақ.

Әсет ЕРҒАЛИЕВ, ҚР Экономика министрі: «Жалпы 6316 ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3500 ауыл іріктелді. Онда ауыл тұрғындарының 88 пайызы тұрады. Аталған ауылдар демографиялық көрсеткіштерге, экономикалық белсенділікке, инфрақұрылым жай күйіне қарай іріктелді. Бұл ауылдарды дамыту ауыл ел бесігі жобасы шеңберінде бірінші кезекте жүзеге асырылатын болады».

Айта кетейік, қазақстандықтардың 41 пайызы ауылда тұрады. Биыл бұл аумақты дамыту үшін 7 млрд. 700 мың теңге бөлінген. Және 105 млрд. теңге 480 ауылға жағдай жасау үшін арналған. Осылай деген ведомства өкілдері инфрақұрылым және интернет жүйесін де жақсартамыз деп отыр.

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: «Сумен жабдықтау және су құру жүйелерін салумен реконструкциялауға республикалық бюджеттен шамамен 400 млрд. теңге бөлу көзделген. Бұл шаралардың барлығы 2025 жылы ел халқын 100 пайыз сумен жабдықтауға мүмкіндік береді. Биыл республикалық бюджеттен 2042 жобаны іске асыруға 69 млрд. 200 млн. теңге көзделген».

 Назерке Үкібасова