Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар жол нысандарының құрылыс барысын аралап көрді.
Шаһар басшысы алдымен Бәйдібек би даңғылы мен Ұ.Арғынбеков көшесінің қиылысында салынатын жолайрықың жобасымен танысты.
Бәйдібек би – Арғынбеков қиылысында көлік жолайрығын салу құрылысының 1-ші кезеңіне жауапты мердігер мекеме – «Казахдорстрой» ЖШС. Құрылыс аумағының ұзындығы Бәйдібек би даңғылы бойынша — 700, Арғынбеков көшесі бойынша – 921 м.
Құрылыс 2020-2022 жылдар аралығына жоспарланған. Жалпы құны –11,4 млрд теңге. 2021 жылға қаралғаны – 200 млн теңге. Жалпы 61 жер телімін қайтару қажеттігі туындауда.
Негізгі жолды жабуға дейін биыл мамыр-қыркүйек айлары аралығында ағаштарды тамырымен жұлу, 3-4 съездердегі байланыс желілерін қайта жайластыру, Арғынбеков көшесіндегі 3-ші съездегі тіреу қабырғасын салу жұмыстарын жүргізу жоспарда.
Сонымен қатар, қазан-желтоқсан айлары аралығында Арғынбеков көшесінің бойындағы 3-ші съездің тіреу қабырғасын салу, туннель бойынша жер жұмыстарын жүргізу көзделуде.