Дендросаябақ: Ағаштардың неліктен кесілгені белгілі болды

177

 

Шымкенттегі дендросаябақта ағаштардың көзі жойылып жатыр. Бұл мәлімет бірнеше күн бұрын тұрғындардың талқылауына түскен еді. Жұртшылық кесілген ағаштардың орнына дәмхана ашылауына наразылықтарын да білдірді.

Дегенмен саябақ басшылығы ағаштардың кесілуіне дәмхана емес, күн райы мен аурулары себеп болды деп отыр. Ал дәмхана ашу жоспарда бар дүние екен. Бірақ ол үшін ағаш кескен жоқпыз деген кәсіпкер оларға әлдекімдер жала жауып жатқанын айтады. Әрі жұмыс жасауларына мұрша бермейтін көрінеді.

Шымкенттегі дендросаябақта мейрамхана салу үшін ағаштардың көзін құртып жатыр деген мәлімет көптің қызу талқысына түсті. Тіпті көбінің ашуын тудырды. Өйткені Шымкенттің өкпесі саналатын бұл орынның ерекшелігі болып отырған ағаштарды кесу бассыздық екенін жұрт жарыса жазуда.

Ал дендробақтағылар ағаштар дәмхана салу үшін емес, ауа райы мен ағаштың ауруына байланысты кесілді деп отыр.

Ақнұр Шүлембаева, Ғылыми мониторинг молайту бөлімінің басшысы: «Күн сәулесінің түсуі төмен болағандықтан ағаштар қурауға келген. Сол ағаштардың зиянкестердің көзі болып табылғандықтан бізде орман патологы бар, ғылыми қызметкерлер бар, солардың келісімімен зерделеу жұмыстарынан кейін кесуге рұқсат етілген».


Бірақ бұл дендробақ ішінен дәмхана ашылмайды деген сөз емес. Дегенмен жоспардағы қоғамдық тамақтану орны ешбір құрылыссыз жүргізіледі екен. Табиғатқа зиян келтірмеу мақсатында жеке кәсіпкер барлығын қолмен тазалап жатқанын жеткізді. Барлығы экологиялық заттардан жасалады деген ол тіпті шеге де қолданбаймыз дейді. Алайда кейбір жандар «ағаштарды кесіп жатырсыңдар» деп жұмыс жасауға мұрша бермей жатқан көрінеді.

Әйгерім Болатқызы, жеке кәсіпкер:  «Біз бастағанымызға бір аптадан асқан жоқ. Бірақ жан-жақтағы кісілер бізге ешқандай жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді. Біз бұл жерде ешқандай тал кескен жоқпыз. Біздің проекті бойынша бұл жер экозона. Яғни, бұл жерде бәрі табиғи болады. Біз пенектардың бәрін орындық ретінде қолданбақшымыз».

Дендросаябақтағылар әу баста «ағаштар кесіліп жатыр» деп ақпарат таратқан адам бұл парктің бұрынғы қызметкері деп отыр. Және ол шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратты деп кесіп айтты.


Рысгүл Өтеубаева, А.Асқаров атындағы дендросаябақ қызметкері: «Ол кісінікі ұят болды. 60-қа келіп пенсияға шығып бізде 2 жыл жұмыс істеді. Бәріміз құрметпен сыйлап жүрдік. Біздің соңғы кезде ізімізге түсіп алып, бірталай әңгіме айтты.
Бұдан бұрын, бұдан екі-үш ай бұрында келіп ана жақтың қыздарын мына жаққа, мына жақтыкын ана жаққа арандатып сүйтіп жүрді.  Ол кісіге келіп мына жерді басқару, Катамаран мен туалетті басқарып 140 мың алып отырды ғой кезінде. Соны алу керек болды. Басқа еш нәрсе жоқ».

Алғашында адамгершілікпен қарап ешқандай арыз жазбадық деген саябақ қызметкерлері шыдамның да шегі бар екенін жеткізді. Сол себепті жалған ақпарат таратқан азаматшаны сотқа береміз деп бекініп отыр.

                                              Мөлдір Ибадуллаева