Шымкентте жіті ішек инфекциясына шалдыққандар азайғанымен, мамандар қауіптің әлі де сейілмегенін айтады. Ауру тек сапасыз тағамнан емес, лас су мен қарапайым тазалық талаптарын сақтамаудан да жұғады. Балалардың субұрқақта шомылуы неліктен қауіпті? Демалыс кезінде тағамды қалай сақтау керек? Ішек инфекциясынан сақтанудың қарапайым жолдары туралы алдағы сюжетте.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында жіті ішек инфекциясына шалдыққан 231 науқас ем қабылдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45 адамға аз. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, тағамнан улану мен жіті ішек инфекциясы – екі бөлек ұғым. Сондықтан бұл диагноздарды шатастыруға болмайды.
Маманның сөзінше, ішек инфекциясы тек тағам арқылы ғана таралмайды. Ол ластанған су, жеке бас гигиенасын сақтамау, сондай-ақ дұрыс жуылмаған жеміс-жидек пен көкөніс арқылы да жұғуы мүмкін. Уақтылы сақтанбаса, мұндай инфекциялар тырысқақ секілді қауіпті аурулардың таралу қаупін арттырады.
Мамандардың айтуынша, аурудың таралуына әсер ететін өзге де қауіп факторлары бар. Мәселен, балалардың субұрқақтарда шомылуына жол берілмеуі тиіс. Сондай-ақ демалыс кезінде бірге алып шыққан тағамды дұрыс сақтамау да ішек инфекциясына себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды қарапайым, бірақ маңызды санитариялық талаптарды қатаң сақтауға шақырады. Жіті ішек инфекциясын жұқтырған жағдайда өздігінен емделмей, дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес береді.
Дилара Иса

