Мемлекеттік қызметшілер жасаған қылмыстар азайды. Десе де, бұл – алаңдауға негіз жоқ дегенді білдірмейді. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 233 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Басым бөлігі – ауыр қылмыстар, оның ішінде сыбайлас жемқорлық фактілері. Дегенмен, орташа ауырлықтағы құқық бұзушылықтардың саны 30 пайызға көбейген. Ал әкімшілік құқық бұзушылықтар деңгейі былтырғы көрсеткішпен шамалас. Бұл өзгерістер нені білдіреді?
Бас прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік қызметшілер арасында ең көп тіркелген қылмыс – меншікке қарсы жасалған құқық бұзушылықтар. Жарты жылда олардың саны 106-ға жеткен. Оның ішінде 71 дерек – бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету, 33-і – алаяқтық. Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстары екінші орында. Алты айда мұндай 89 дерек тіркелген. Мамандардың айтуынша, мұның себебі бар. Кейбір жемқорлық әрекеттері заң бойынша «алаяқтық» ретінде тіркеледі. Мысалы, шенеунік ақша алып, өз құзыретіне кірмейтін мәселені шешіп беремін деп уәде берсе, ол парақорлық емес, алаяқтық болып есептелуі мүмкін.
РУСТАМ ТАНИШПЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Алаяқтық пен пара алудың арасы өте нәзік. Көп жағдайда айыпталушылар адвокаттарының көмегімен істі «пара алу» бабынан «алаяқтық» бабына ауыстыруға тырысады. Себебі алаяқтық үшін жаза жеңілірек. Пара алған адамға мемлекеттік қызметке өмір бойына тыйым салынуы мүмкін. Ал алаяқтық бойынша сотталғандардың кейін басқа жерге жұмысқа орналасуына мүмкіндік қалады»
Мұндай жағдайда адам жемқор емес, алаяқ ретінде сотталады. Соның салдарынан оған мемлекеттік қызметке тыйым салынғанымен, коммуналдық мекемелер сияқты кейбір ұйымдарға жұмысқа орналасуына заң жүзінде кедергі болмауы мүмкін. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейді. Енді олар мінсіз беделін сақтап, қоғамның сеніміне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Бірақ сарапшылар мұнымен мәселе шешілмейді дейді. Олардың пікірінше, ең бастысы – бақылауды күшейтіп, мемлекеттік органдардың жұмысын барынша цифрландыру.
СЕРГЕЙ УТКИН, ЗАҢГЕР: «Цифрландыру заң бұзушылықтарды адам факторына тәуелсіз анықтауға мүмкіндік береді. Яғни ешкім тексерушімен келісіп, мәселені «жауып» қоя алмайды. Барлық ақпарат жүйеде көрініп тұрады. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, бақылауды тек мемлекеттік органдар ғана емес, қарапайым азаматтар да жүргізуі керек. Ол үшін тұрғындардың түрлі заң бұзушылықтарды анықтап, хабарлауына мүмкіндік жасалуы қажет»
Мемлекеттік қызметшілер арасында қоғамды алаңдататын өзге де қылмыстар тіркелген. Алты айда жеке адамға қарсы 16 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде денсаулыққа қасақана зиян келтіру мен ұрып-соғу деректері басым. Бұдан бөлек, бір адам азаптау ісі бойынша, ал тағы екеуі зорлау және кәмелетке толмағанға жыныстық сипаттағы әрекет жасады деген күдікпен тергеліп жатыр.
Лаура Бабас






