Кәсіпкерлер бас санитар дәрігердің отставкаға кетуін талап етті

101

Шымкенттік кәсіпкерлер жарты сағат ішінде қаулыға өзгеріс жасады. Шағын бизнес өкілдері жаңадан шыққан қаулыға наразылық білдіріп әкімдік алдына жиналған.

Айтуларынша, шектеу шаралары бизнеске кері әсерін тигізуде. Қаулыға өзгерістен бөлек, олар оны шығарған қаланың бас санитар дәрігерінің отставкаға кетуін талап етті. Осылай наразылық танытқан кәсіпкерлер аз уақыттың ішінде өз дегендеріне жетті.

«Төлебаев кетсін, жастарға орын берсін»…

Бұл Шымкенттің бас санитар дәрігерінің жұмыстан кетуін талап еткен шағын бизнес өкілдері. Балмұздақ, дөнер және бургер сататын кәсіпкерлер шектеу шаралары олардың саудасына тым кесірін тигізіп жатқанын айтады.

Арман ТАҢСЫҚБАЕВ, кәсіпкер: «Мысалы, моншаны алып қарайық. СЭС мамандары парға кіріп алып әлеуметтік дистанцияны сақта демейді ғой. Базарларда тола барлық жерде. Енді біз мына жиналған кәсіпкерлер сыртқа шығарумен айналысамыз. Яғни, бізде адам отырмайды. Донер, фастфуд, балмұздақ желілері бар. Келеді алып кетеді. Бәріне басы жетіп осыған басы жетпей  келеді да ограничениеге қойып тастайды. Адам келеді «на выносқа»затты алып кетеді ғой. Қазір 22-00 шектеу қойған. Шымкентте сауда-саттық кешке қарай басталады. Оразадан кейін. Жалпы бізді кәсібімізді тікелей өлтірумен айналысып жатыр Төлебаев».

Қолдарына плакат ұстап келген 70 шақты кәсіпкерді әкімдіктегілер таратпақшы болды. Бірақ түк шықпады. Бизнес өкілері жиналған жерді қоршауға алған тәртіп сақшылары олардың оңайлықпен берілмейтінін көріп, маңдарына да жолған жоқ.

Арман ТАҢСЫҚБАЕВ, кәсіпкер: «Қан қысымы көтерілген адам қамалды дегенді еститін болса 15 тәулікке қарамайды ғой үлкен кісілер. Қан қысымынан өледі. Өлгеннен кейін мен бұларды біртіндеп өлтіремін ғой каждыйын мәселе сода ғой. Біз өлуге де дайын быз. Сол себепті жауапкершілік алып жұмыс істеу керек. Шымкент қаласы кәсіпкерлері атынан Төлебаев мырзаны аса жұлдыз болып кеткен Төлебаевты жерге түсіп халықпен санасып, ойын біліп әр бизнесті қарастырып етіп шешім қабылдауын шақырамыз. Және ол кісінің жеке отставкаға кетуін талап етеміз. Талабымызды орындамаса, жақын арада 1000 адам болып осында шығамыз».

Жиналған халықты атқамінерлер әзер деген де көрме орталығына шақырды. Ол жерге қаланың бас санитар дәрігері келуі керек болыпты. Алайда орталыққа өзі келмеді. Ал шу шығарған кәсіпкерлерге 2 күн бұрын ғана шыққан қаулының өзгертілгені хабардар етілді.

Кәсіпкерлер жиналғаннан кейін індетке қарсы жедел штаб құрылған екен. Шаһардың бас санитары кәсіпкерлерге ешқандай қарсылық жоқ екенін, шектеу шараларының тек індеттің таралуына қарсы жасалып жатқанын айтады.

Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВ, Шымкент қаласының бас санитар дәрігері: «Қазір жедел түрде штаб отырысы болды. Індетке қарсы күрес штабы оның төрағасы әкім. Әкімнің бірінші орынбасары. Біздің бұрынғы қаулы мәтінін де 22-00-ге дейін ары қарай жеткізіп беру қалыпты режимде дегенбіз. Қазір 12-00-ге дейін өзгерту үшін тағы шектеп қойдыңдар деген сұрақ туындап жатыр. Сол себептен бұл кісілер санитарлық індетке қарсы сақтап отырып жұмыс істейтін болса бізде оны көреміз қалыпты режимде жұмыс істеуіне рұқсат беруіміз мүмкін».

Ашынған кәсіпкерлер ақыры өз дегендеріне жетті. Айналдырған жарты сағаттың ішінде екі күн бұрын ғана шыққан қаулының шағын бизнес өкілдеріне қатысты тармағы өзгеріп шыға келді. Алайда, кәсіп өкілдері қаулыдағы өзгеріске көңілдері толғанымен, бас санитар дәрігер жұмыстан кетсін деген талаптың өзгермейтінін жеткізді.

Олжас Айдарбек