«QAZVAC» шымкенттіктерге де салына бастады

101

Шымкенттіктерге қазақстандық «ҚазВак» вакцинасы салына бастады. Отандық өнімді алғашқылардың бірі болып медицина мамандары қабылдауда. Сөздерінше, ресейлік пен қазақстандық екпенің айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Тек отандық өнім түрлі штамдарға төтеп бере алатын күшке ие. Айта кетейік, «Қаз Вак» препарат күні кеше қолданысқа енгізілді. Енді міне ел аумақтарына таратылып, тұрғындарға егіле бастады.

Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Айдар Шакиров бүгін Шымкентте алғашқылардың бірі болып «QazVac“ (ҚазВак) вакцинасын қабылдады. Отандық өнімді қолдау керек деген ол осы уақытқа дейін қазақстандық екпені күткенін айтады. Және салдырып болған соң ешқандай өзгерісті сезінбедім дейді.

Айдар ШАКИРОВ, жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісі: «Жедел жәрдемде жүргізуші болып істеген себептен вакцина салдырайын дедім. Көңіл күйім жақсы. Ешқандай өзгеріс көріп тұрған жоқпын. Ешқандай үрей-күдік болған жоқ. Отандық өнім болғаннан кейін қолдайын деп шештім».

Еске салайық, отандық вакцина күні кеше қолданысқа енгізілген болатын. Және екпені еліміз бойынша бірінші болып Денсаулық сақтау министрі қабылдады. 50 мың доза препарат әр аймаққа таратыла бастады. Шымкентке барлығы 4000 мың доза жеткізілсе, оның 200-і бір ғана №13 емханаға үлестіріліпті.

Фируза ШАМЕТОВА, №13 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі: «Бізге бүгінге 100 доза әкелінді. Екінші этапқа 100 доза. Барлығы 200 доза әкелінді. Бүгінгі күнде 30 адамға салынды. Ресей вакцинасымен салыстырғанда екеуінде ешқандай айырмашылық жоқ».

Отандық өнімнің бұған дейін қолданыста болған спутник виден бір айырмашылығы бар. Қазақстандық вакцина мутацияланған түрлі штамдарға төтеп бере алады дейді дәрігерлер. Айта кетейік, бұған дейін коронавирустың үш штамы үшінші мегаполисте табылған болатын.