Шымкент келесі аптада «қызыл» аймаққа енуі мүмкін

260

Шымкент алдағы аптада «қызыл» аймаққа енуі мүмкін. Бұл туралы қаламыздың санитар дәрігерлері дабыл қағып отыр. Сөздерінше, індет жұқтырғандар күннен күнге көбейіп барады. Кешегі күннің өзінде вирус 81 азаматтан анықталған. Ал, оның алдыңғы күні қатерлі індет 72 тұрғыннан табылған. Осылайша жыл басынан бері кви жұқтырғандар 1800-ге жеткен.

Үшінші мегаполис келесі аптада қызыл аймаққа кіруі мүмкін. Себебі, қатерлі індет жұқтырғандар күннен күнге көбейіп барады. Кешегі күннің өзінде вирус қаланың 81 тұрғынынан табылған. Ал, оның алдыңғы күні 72 шымкенттіктің кви жұқтырғаны анықталған еді. Санитар дәрігерлер сөзінше жағдай осылай жалғаса берсе, Шымкент қызыл белдеуден бір-ақ шығады.

Жауаптылар сөзінше, эпидемиологиялық ахуал наурыздағы мереке күндерінен кейін ушыққан. Алдымен індет жұқтырғандар 10 наурызда көбейіп, 25 наурыздан кейін көрсеткіш тағы өскен. Жалпы вирус жыл басынан бері 1800 шымкенттіктен табылыпты. Оның 193-і мектеп оқушылары. Айта кетейік, осы күнге дейін Шымкенттің 62 мектебі карантинге жабылған.

Сала мамандары квидің күшеюі бітпейтін той-томалақтың да кесірінен дейді. Айтуларынша, тойшыл шымкенттіктерге ештеңе тосқауыл болар емес. Осы уақытқа дейін қаладағы 19 тамақтану нысаны сотқа беріліп, бүгінде 12-сінің жұмысы тоқтатылған. Ал, кви күшейген соң енді жұма намаз, атракцион, цирк пен бильярдқа баруға тыйым салынды.

Естеріңізде болса, бұған дейін Шымкентте өзге штамдар анықталмаған еді. Бірақ, бұл тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Күні кеше қаладан вирустың мутацияланған түрі табылды. Әзірге тексеріліп жатқан індет британдық болуы мүмкін.

Назерке Үкібасова