Шымкент трансплантология саласында көш бастамақ. Бұл туралы қаланың бас дәрігері мәлімдеді. Айта кетейік, үшінші мегаполис қазір ағза ауыстыруда ел бойынша үздік үштікті түйіндеп тұр. Жалпы осы уақытқа дейін қалада 24 бауыр, 166 бүйрек ауыстыру отасы іске асқан. Бүгін ағзасы ауыстырылып, қайта өмірге келген шымкенттіктер өз сезімдерімен бөлісті.
Шымкенттік Толқын Бұйрабекова өткен жылы өз інісіне донор болған. Туған інісі Нұрғазының бауыры 13 жыл бұрын ауыра бастаған. Содан бері сырқатымен алысып жүрген азамат өткен жылы оның асқынып кеткенін білген. Және бір аптаның ішінде ота жасату керек болыпты. Туған бауырына бауырын беруге әпкесі келіскенін айтады.
Толқын БҰЙРАБАЕВА, донор: «Ініме донор болдым. 2007 -ден бері гепатитпен ауырып келе жатыр. Былтырғы пандемия кезінде гепатит цейрозға айналып, содан біраз қиналып қалды. Содан осындай трансплантация жасайын деп жатыр дегенді естігеннен кейін ініме бәріміз қан тапсырып көрдік. Менікі ғана сәйкес келді».
Жалпы соңғы жылдары Шымкентте трансплантология саласы қарқын алып келеді. Қазіргі таңда 24 бауыр, 166 бүйрек ауыстырылып үлгерген. Осылай деген жауаптылар Шымкентті аталмыш салада көш басына шығаруға ниетті. Айта кетейік, қазір қала Қазақстан бойынша үздік үштікті түйіндеп тұр.
Абылай ДОНБАЙ, Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері: «Трансплантацияның ішіндегі ең ауыры бауыр трансплантациясы. Шетелде егер де ақылы түрде өтетін болса, 250 мың мен 300 мың доллардың арасында ота жасалынады. Қазір сіздер қарап тұрғандай біздің қарапайым Шымкент қаласының тұрғындары, болмаса Түркістан облысының тұрғындары отаны тегін ала алады».
Бақытжан ПОЗИЛОВ, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Мәйіттік донор бойынша бізде 1 ғана ота жасалған. Өздеріңіз білесіздер, бұл өте күрделі. Діни жағынан да өте көп сұрақтар болған. Біз соңғы 2-3 жылда жұмыс жасап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жасап жатырмыз. Имамдарды да шақырдық. Олар бізге діни жағынан түсініктеме мен қолдау берген».
Айта кетейік, қазір Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша бауыр ауыстыруға 50, ал бүйрек ауыстыруға 1076 азамат кезекте тұр. Донор болуға негізінен туған-туыстар келісім береді екен. Ал, мәйіттік донор Шымкентте соңғы рет 2017 жылы жасалған.
Назерке Үкібасова