Шымкент қаласының тұрғыны Ғалия Зайдинова – «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша былтыр қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Жас маман алдымен қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеледі. Содан кейін «Бастау бизнес» оқу курсын тәмамдап, сертификатқа ие болған. Үміткер қайтарымсыз грант алу үшін, комиссияға оқу орталығын ашу бойынша бизнес-жоспарын ұсынады. Нәтижесінде жобасы мақұлданып, қараша айында 200 АЕК (555 650 тг) көлемінде грант ұтып алды.
24 жастағы ағылшын тілі маманы Ғалия Зайдинова қазіргі таңда оқу орталығында 15-ке жуық шәкіртке ағылшын және орыс тілінен сабақ беруде. Алдағы уақытта қала аумағында бірнеше оқу орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, былтыр аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 7722 адам жаппай кәсіпкерлікті дамыту шарасына қатысқан. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 4828 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. «Бастау бизнес» жобасына 2820 адам жолданып, оқу курстарында білім алған.