Шымкенттегі құрылыс жұмыстары онлайн бақыланады

60

Құрылыс алаңына бейнабақылау камералары орнатылады. Бұл туралы үшінші мегаполиске арнайы келген Еркебұлан Дауылбаев мәлімдеді. Елордалық шенеунік жұмысты енді онлайн бақылаймыз деп отыр. Сондай-ақ, ол Шымшаһарда салынып жатқан нысандарды қарап қана қоймай, бірнеше ескерту де жасады.

«Шымсити» ықшамауданындағы құрылысшылардың әрбір қадамы енді бақылауда болады. Себебі, қаладағы барлық құрылыстар мемлекет қаржысына бейнекамералармен жабдықталатын болады. Енді құрылыс барысын министрліктің өзі онлайн бақылайды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бұл жұмысты мерзімінде тапсырып, құрылыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді дейді.

Бұл «Тұран» шағынауданы. Мұнда ондаған көпқабатты үйлер жаңа қоныстанушыларды қабылдауға дайын тұр. Тұрғын үй: кредиттік, жалға берілетін және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның пәтерлері. Ағымдағы жылдың соңына дейін төрт мыңға жуық пәтер кілті иелеріне табысталмақ.


Шымкентте жаңа үйлердің қасбеттері түсіп, қабырғалары жарылып жатқаны көрер көзге таңбадай басылып көрінетін жайттар аз емес. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары алдағы уақытта онлайн-«бақылау» өз нәтижесін беріп, мәселелер шешіледі деп сендірді.

Еркебұлан ДАУЫЛБАЕВ, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары: «Әрбір құрылыс нысанының басында бізде тиісті бейнебақылау камерасы қойылады. Ол тұрақты режимде, яғни онлайн режимде біз оны бақылап, өзіміздің бақылау центр арқылы бақылауға мүмкіндігіміз бар.
Оның сапасы. Әуелі ақпарат қағаз жүзінде емес, электронды түрде электронды түрде біздің серверде сақталатын болады. Кез-келген уақытта сапасына қатысты дау, мәселелер туындаған кезде оны көтеріп, қарап оның ақ-қарасын ажыратуға мүмкіндік береді».

Елордалық шенеунік мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған жаңа үйлердің сапасына заң бойынша құрылысты салушылар ғана емес, қала билігі де жауап беретінін шегелеп тұрып айтты.

                             Мөлдір Ибадуллаева