Шымкенттің бас имамы: «Вакцина салдыру оразаны бұзбайды»

120
фото Inbusiness.kz

«Вакцина салдыру ұстаған оразаны бұзбайды». Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, вакцина күш-қуат беретін дәріге жатпайды. Сондықтан екпені ауыз берік кезінде салдыруға болады. Сонымен қатар, полимеразды тізбекті реакция, яғни коронавирусты анықтайтын тестті тапсыру да оразаны бұзбайды.

Бақдаулет АБДРАХМАНОВ, Шымкент қаласының бас имамы: «Вакцинация салу оразаны бұзбайды. Яғни, бұл жерде көптеген пікірлер бар. Ғалымдардың пікірлері бойынша адамға күш-қуат беретін дәрі-дәрмек укол сияқты, вакцина сияқты ол күш-қуат бермейтін дәрі-дәрмекке жатады. Сол себептен ораза уақытында вакцина салу оразаны бұзбайды. Қазір салдырып қойғандар бар. Бұл вакцинаны екі рет салады екен. Бір рет, сосын 21 күннен кейін екіншісін салады. Қазір салып қойғандар «оразада не істейміз?» деп сұрап жатыр. Ондай уақытта салдыра бересіз. Ол оразаны бұзбайды. Оған арнайы пәтуа да шықты».

Айта кетейік, биыл оразаның алғашқы күні 13 сәуірге келіп отыр. Қадір түні 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні. Ал, тарауих намазы 12 сәуір күні оқылады. Алайда, пандемияға байланысты тарауих намазын жамағат болып мешітте оқуға тыйым салынды. Имамдар оны үйде оқуға шақырып отыр. Ауызашарды да үйде отбасы бірге жасаған абзал дейді дін өкілдері. Пітір садақа көлемі 420 теңге болып бекітілген. Бұл еліміздегі 2 кг ұнның орташа бағасына сай. Фидия құны болса – 2500 теңге.

Олжас Айдарбек