Тілшілерге қысым көрсеткен тәртіп сақшылары үшін генерал кешірім сұрады

172

 «Мен сені өлтіремін» шымкенттік полицей журналистке осылай деп қоқан-лоққы көрсеткен. Кезекті бір түсірілім кезінде тәртіп сақшылары тілшілердің жұмысына кедергі келтіріп, тіпті бірін жарақаттаған.

Зардап шеккен бұқаралық ақпарат өкілдері бүгін плакаттарымен қалалық полиция департаментінің алдына жиналды. Қазір бұл іс бойынша ішкі істер органында тексеріс басталған. Ал, үшінші мегаполистің бас полицейі қызметкерлерінің бұл қылықтары үшін журналистерден кешірім сұрады.

Бұл кадрлар күні кеше ғана түсірілген. Тұрғындардың шағымы бойынша барған журналистердің жұмысына шымкенттік полицейлер кедергі келтірген. Олардың бірінің қолшатырын сындырып, қолын жарақаттаған. Ал, екіншісіне тіпті «сені өлтіремін» деп қоқан- лоққы көрсетіпті. «Тәртіп сақшылары тарапынан қысым көрдік» деген журналистер бүгін қалалық полиция департментінің алдына жиналды.

Жиналған журналистер бұндай жағдай бірінші рет орын алмағаннын айтады. Бір ай бұрын түсірілім кезінде»Астана» телеарнасының меншікті тілшісіне полицейлер қол көтерген. Оның тергеп-тексеру нәтижесі әлі шыққан жоқ. Тілшілер мына кезекті рет болған жағдай бойынша да полицияға шағымданды. Бірақ олар «бұл да еш қаралмай, кінәлілер жауаптан құтылып кете ме?» деп күмәнданады.

Бек АБИЕВ, журналист: «Біз кеше бір түсірілімге бардық. Ол жерде біздің пресса екенімізді көріп тұр, микрофонмен жүрміз. Соны көріп тұрып Баханың қолын жұлып, Абдуллаев әріптесімнің қолын қанатты, қолындағы қолшатырын сындырды. Диляра Исаның телефонын тартып алмақ болды. Бахрам Талибжановқа келіп «мен сені өлтіремін» деп қорқытты.Полицияға сәл қол түртсең, заң бар «сындырады». Журналистер де қорғалғанбыз. Журналисті ұрған кезде заң жүрмейді бізде Шымкентте әсіресе Шымкентте».

Полиция департментінің алдына жиналған журналистерге генералдың өзі шықты. Орын алған жағдай туралы түсіндіру үшін департмент ғимаратына кіруге шақырды. Әдетте тіркеліп-тексеру пунктінен өтетін журналистерді үлкен қақпадан кіргізді. Бас полицей бұл іс бойынша ішкі істер органында ішкі тексеріс басталғанын мәлімдеді. Және қызметкерлерінің атынан кешірім сұрайтынын айтты.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қалалық ПД бастығы: «Егер біздің қызметкерлер кінәлі болатын болса, мен кешірім сұрауға дайынмын. Кешіріңіздер. Заңды шешім қабылдаймыз. Тергеу жүріп жатқан кезде өздеріңіз қатысасыздар».

Генерал журналистер жұмысына кедергі келтірді делінген полицейлерді шақыртты. Алайда, ешбірі келмеді. Белгілісі оның бірі сырқатына байланысты демалысқа шығып кетіпті.

Олжас Айдарбек