Әлеуметтік желіде колледж жатақханасының қызметкерлері мен студенттер арасындағы дау туралы видео тарады. Онда студенттер өзгенің бөлмесін жинаудан бас тартқаны байқалады. Ал қызметкерлер тазалап шығуды талап еткен. Кері жағдайда, жатақханадан шығатынын, жуынатын бөлмеге кіргізбейтінін айтқан.
Бұл Түркістан қаласындағы көп салалы индустриалды техникалық колледждің жатақханасы. Оқиға кеше болған. Жатақхана қызметкерлері студенттерге өзге бөлмелердің жинауды сұрап жатқан сәті. Әлеуметтік желіде тараған видеодан студент қыздар жігіттердің бөлмесін жинаудан бас тартып тұрғанын байқауға болады.
«Не үшін балалардікін жинап беруіміз керек? Енді жоқ қой бала. Келеді ғой қазір…. Ертең жатақханамызды босатып беріңдер. Ренжімей, таласпай».
Өзге бөлмені жинауға келіспеген студенттерді қызметкерлер жатақхананың тәртібіне бағынбадың деп кінәлаған. Жатақханадан шығарумен бірге жуыну бөлмесіне бармайсыңдар деп доқ көрсеткен. Бұл оқиғаны колледж директоры растады.
Айтуынша, дау 23-25 ақпан күндері өтетін облыстық спартакиадаға дайындық кезінде болған. Жігіттер ауылда болған соң олардың бөлмесін жинауға қызметкерлер қыздардан көмек сұраған. Оған 3 студент қарсы болған.
Айдос Кенжеханұлының сөзінше, бүгін оқиғаға қатысқандарды полиция тергеген. Жалпы жатақханада аптасына бір рет санитарлық күн белгіленген. Онда әр студент өз бөлмесін тазалауға міндетті. Ал олардан өзге бөлмені тазалауды сұраған 5 адамға сөгіс берілген. Бұл үшін студенттер жатақханадан шығарылмайды. Облыстық білім басқармасы оқиғаны бақылауға алып, комиссия құрылғанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта студенттермен және ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Білім басқармасы білім алушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Ішкі тәртіп талаптарын күшейту және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Жауаптыларға қатысты заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады».
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ
Айта кетейік, көп салалы индустриялды техникалық колледжде 1100-ге жуық студент білім алады. Олардың 80-і жатақханамен қамтылған.
Дилара Иса






