Түркістанда миллиондаған қаржы атаулы әлеуметтік көмек есебінде заңсыз беріліп келген. Салдарынан әлеуметтік әлсіз топқа жататын кей отбасылар мемлекеттік қолдаудан құр алақан қалып қойған. Бұл туралы қала әкімінің қатысуымен өткен апталық мәжілісте белгілі болды.

Шаһар басшысы жауаптылардың жұмысын сынға алып, оларға жағдайды реттеу үшін екі апта уақыт берді.

Түркістан шаһарында миллиондаған қаржы шын мұқтаждарға жетпеген. Яғни, мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек заңсыз беріліп келген. Апталық мәжілісте Түркістан қаласының әкімі бұл олқылықтың бүгін ғана емес, бірнеше уақыттан бері жалғасып келе жатқанын қадап айтты. Және сала мамандарының жұмысын сынға алып, қатаң ескерту жасады.

Рашид АЮПОВ, Түркістан қаласының әкімі: «Заңсыз АСП беру деген әлі жалғасып келе жатыр. Бұның түбіне жете аламыз ба, жоқ па? Міне, хат келіп жатыр тағы. Миллиондаған ақша заңсыз берілген. Дұрыс берілмеген. Ақшаны беруін беріп аламыз. Ертең ашылып қалса қызметкерлердің іс-әрекеттері кейбір қызметкерлердің барлығын жаман деп айта алмаймыз ғой. Сосын жүреміз тағы тұрғындарды сотқа беріп».

Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы бұл кемшіліктердің барын мойындап отыр. Тіпті көмекті заңсыз тағайындаған қызметкерді анықтау үшін арнайы комиссия да құрылған екен. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келгендерден қаржыны қайтару жұмыстары да басталып кетіпті.

Нұрбибі БӨРІБАЕВА, Түркістан қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: «Бүгінгі таңда сол маманның комиссияда қаралып, маманнан түсініктеме алынды. Сонымен қатар, жаңағы кемшілікке жол берген аз қамтылмаған отбасыларға тағайындалған ақшаны бюджетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. Оның барлығына хабарлама берілді. Бір ай көлемінде қайтаруға. Егер бір айда қайтармайтын болса, олардың ісі сотқа беріліп қайтару жұмыстары жүргізіледі».

Мәжіліс соңында қала әкімі Рашид Аюпов жауапты мекемеге мәселені қолға алуды тапсырып, жауаптыларға екі апта ішінде нәтиже болмаған жағдайда ортақ шешім қабылдайтынын айтты.

Олжас Айдарбек