Түркістан облысында карантин талаптары қатаңдатылды

108

Түркістан облысында карантин талаптары қатаңдатылды. Өңірдің бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, барлық мемлекеттік мекемелердің кеңселік қызметкерлері 50% қашықтан жұмыс істеуге ауысады.

Сондай-ақ, бұған дейін рұқсат берілген жұма және тарауих намаздары уақытша тоқтатылып, еске алу, ауызашар сынды отбасылық іс-шараларға тыйым салынады. Бұл туралы брифингте облыстың бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

Нұрбек НЫШАНОВ, Түркістан облысының бас санитар дәрігері: «Жаңа Қаулы бойынша облыстағы барлық спорттық іс-шаралар тоқтатылады. Бильярд, боулинг, компьютерлік клубтардың қызметіне, ойын-сауық орталықтарындағы балалардың ойын алаңшаларына, аттракциондардың жұмысына тыйым салынды. Ал театрларда бұған дейін көрермендердің толымдылығы 50%-ға дейін қызмет көрсетіп келсе, енді 20% толымдылықта қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану орындарына жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін қызмет көрсетуге рұқсат берілді. Ғимараттың іші 50%-ға дейін ғана толтырылуы тиіс».

Ағымдағы жылдың 8-14 сәуір аралығында Түркістан облысында коронавирустық инфекциясын жұқтырған науқастар саны 169-ға жетті, аурушаңдық алдыңғы аптамен салыстырғанда 45-ке жоғарылап отыр.

Күні бүгінге дейін өңірге «Спутник V» екпесінің 43 400 дозасы жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін – 39 840 адам вакцинаның 1-компонентін қабылдап үлгерді. Осылайша республика бойынша Түркістан коронавирусқа қарсы вакцина егуден үшінші орында тұр.

 Олжас Айдарбек