«Ынтымақ-2»: Сасық иістен мезі болған тұрғындар

99

«Ынтымақ-2» шағынауданындағы экологиялық жағдай соңғы уақытта күрт нашарлады. Жергілікті халық осылай деп дабыл қағып отыр. Сасық иістің кесірінен тіпті терезе мен есікті айқара ашудың өзі арман болды дейді тұрғындар. Бірақ бұл шағынауданға жақын маңда орналасқан орталық кәрізді тазарту қондырғысынан шыққан иіс халыққа кедергісін тудырып жатыр.

Жергілікті тұрғындар соңғы бір жылда ешқандай жағымсыз иістің шықпағанын алға тартты. Бірақ жақында қайта пайда болды дейді тұрғындар. Кәріз жүйесінің тазарту қондырғысынан шыққан жағымсыз иіс жергілікті тұрғындардың тыныс алуына да мүмкіндік бермейді екен. Олар денсаулығына байланысты мәселелердің де дәл осы иіске байланысты екеніне сенімді.

Таңшолпан ӨСЕРБАЕВА, «ЫНТЫМАҚ-2» ШАҒЫНАУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бір ай болды иіс қатты шығып жатқанына. Қатты шығып жатыр иіс, демала алмаймыз. Терезенің бәрі жабық. Бала-шаға далаға шықпайды».

Гүлжан АҚБАЕВА, «ЫНТЫМАҚ-2» ШАҒЫНАУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Содан ауру тарайды негізінде. Инфекция. Іш ауру, балалардың іш ауруы дезинфекциясы, жаңағы дизентериясы балалардың, одан кейін тағы басқа аурулар. Лас қой бұл негізі».

Бірақ түсірілім кезінде ауада жағымсыз иіс болған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, жауапты тұлғалар БАҚ өкілдерінің келетіндігін естіп барлығының көзін құртқан. Қалай десек те, ол тазалау ғимараты осы шағынауданның маңында орналасқан. Жергілікті тұрғындар нысанды алып тастап, барлығын қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Ал қалдық су жиналатын аумаққа жауапты өкілдер халықтың иістен сырқаттанып жатырмыз деген сөзін жоққа шығарды. Су арнасының жауаптылары соңғы уақытта иістің мүңкіп шығуының бір себебін өнеркәсіптік аймақтардан түрлі ағындылардың қосылуымен байланыстырды. Бірақ, мамандар бұл мәселені әлі де қарап, шешуге тырысып жатырмыз дейді.

Бұдан өзге су арнасының өкілі тазарту құрылысын «Ынтымақ-2» шағынауданынан қаланың шетіне көшіру қаланың бас жоспарында көзделгенін айтты. Енді бұл мәселемен әкімдік айналысатын болады. Алайда оның нақты қашан шешілетіні әзірге белгісіз болып отыр.

                                            Мөлдір Ибадуллаева