«Заңсыз ойын бизнесімен айналысатындардың жазасы тым жеңіл»

485

«Заңсыз ойын бизнесіне жол жоқ». Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінде осы тақырып аясында дөңгелек үстел өткізілді. Қазіргі таңда бұл бизнестің қарқынды дамып келе жатқанын айтқан мамандар онымен күресудің жолдарын да тілге тиек етті. Сала жауаптылары барысында бір емес, бірнеше рет осы бизнеспен айналысқандарды анықтаған соң жазаны қатаңдатуды сұрап отыр.

Бұл роликте заңсыз ойын бизнесімен айналысып, жеңіл жолмен ақша табамын деп құрықталғандар көрсетілген. Шымкент қалалық Экономикалық тергеп тексеру департаментінің мәліметінше, көлеңкелі бизнеспен айналысқандардың жазасы тым жеңіл. Департамент басшылығы тексеру барысында бұл іспен бір емес, бірнеше рет айналысқандарды байқаған соң, жазалау шарасын қатаңдатуды сұрадық дейді.


Руслан Данаев, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары: «Олар соттың шешімі осы бап бойынша жеңіл жаза болғаннан кейін олар көбінесе айыппұл төлеп құтылып кетеді. Бұл айыппұл төлеп босағаннан кейін бір-екі ай жүреді да, қайтадан ақша табу үшін ойланып көрейік мен мынанша ақша таптым, бірақ мынанша айппұл төледім. Одан да менің істей бергенім дұрыс қой деп адам қорықпайды. Біз өз ұсынымызды Нұр-Сұлтан қаласындағы біздің орталыққа немесе Парламентке орталық тарапынан өз ұсынымызды жазып жатырмыз. Осы заңды қатаңдату үшін».

Заңсыздықпен бірге күресейік деген мамандар көлеңкелі бизнестің едәуір қауіпті екенін алға тартты. Белең алып келе жатқан бизнестің көзін қазірден бастап жоймасақ, соңы қиын болады дейді.

Руслан Данаев, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары: «Туындаған сұрақтарды оны кішкентай кезінен басу керек та. Кішкентай кезінде бассақ, оны ертең бәрі жақсы жолға алып келеді. Қазір оған көңіл бөлмесек, ертең бізге қиын болады. Қазір бүкіл бала-шаға кетіп бара жатыр ойындарға. Ол ұялы телефон болсын, басқасы болсын. Одан да үлкен қылмыстар болып жатыр».

Бір ғана Шымкентте 2019 жылы 48 заңсыз ойын бизнесі анықталса, өткен жылы бұл көрсеткіш 22-ге азайған. Алайда ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 8 іс анықталып үлгеріпті. Бұл халықты тонап келе жатқандардың әлі де болса тыйылмай тұрғанының белгісі дейді сала мамандары. Өкініштісі, мұның 2-еуі қайта жандандырылған бизнес түрі екен.


Бекзат Ахметов, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі: «Осы жылдың бірінші тоқсанында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен заңсыз ойын бизнесі бағыты бойынша 8 қылмыстық іс қозғалған. Шұғыл жолмен 5 іс. Жалпы 6 құмарлық ойыны ісі бойынша сотқа жолданылған. Қылмыстық іс бойынша айғақты заттар 52 дана жүйелік блок, монитор, теледидарлар және ойын терминалдары алынған».

Көлеңкелі бизнеспен күресушілер заңсыз ойынның белең алуының алдын алу үшін енді тұрғындармен бірлесе жұмыс атқаруды көздеп отыр. Қала көшелерінде «Заңсыз ойын бизнесіне жол жоқ» деген бильбордтар ілінуде. Мамандар құмар ойын бизнесінің куәсі не құрбаны болған жағдайда тұрғындардан көрсетілген сенім телефонына хабарласуын сұрайды.

Мөлдір Ибадуллаева