Жетісайлық жомарт жандар аула сыпырушы анаға баспана сыйлады

63

Қасиетті Рамазан – мейірімділік айы. Бұл айда барлық жан сауапты іс жасауға асығады. Жетісайлық жомарт жандар орталық базарда аула сыпырушы болып жүрген жалғызбасты анаға үй алып беріп, бір отбасының қуанышына себеп болды. Мұндай игі іске қаладағы «Нәр Тамшы» қайырымдылық қорының жомарт жандары ұйытқы болыпты. Олар орталық базарда аула сыпырушы болып қызмет жасайтын анаға 3 бөлмелі пәтер сыйлап, ішін жиһаздар мен азық-түлікке толтырған. Сондай-ақ, отбасы мүшелерін киім-кешекпен де қамтамасыз етті.

Жетісай қаласында орналасқан бұл баспананың кілті жалғызбасты ана Назгүл Шадмановаға бұйырды. 3 бөлмелі бұл үйдің ішін қайырлымдылық қор мүшелері толтырған. Олар үйге қажетті жиһаздар мен азық-түлік алып беріпті. Әрі отбасы мүшелерін киім-кешекпен де қамтамасыз еткен.

Ермахан Рахматулла, «Нәр-Тамшы» қайырымдылық қорының басшысы:
«Барша қазақ еліне осы маған сеніп, осындай қолдау көрсеткендеріңізге баршаларыңызға Алла разы болсын. Сіздерден келген 100-200 теңгеге біз тиыннан солай құрап, осындай баспана алып беруге, бір кісінің қуануына себепші болып отырмыз. Баршаларыңызға Алла разы болсын. Бізбен бірге болыңыздар «Нәр-Тамшы» қайырымдылық қорымен бірге болыңыздар».

Назгүл Шадманованың 2 қызы бар. Бірі енді мектеп табалдырығын аттаған болса, енді бірі небәрі 4 жасқа толған. Жалғызбасты ана перзенттерін асырау үшін Орталық базарда аула сыпырушы болып жұмыс жасайды. Нәпақасын табу үшін еңбектеніп жүрген оның табысы пәтерақы мен азық-түліктен артылмай келген. Баспаналы болған оның қуанышында шек жоқ. Әрі бұл шараға үлес қосқан барша жандарға ерекше алғысын білдірді.

Назгүл Шадманова, жалғызбасты ана: «Нәр-Тамшы» қайырымдылық қорына рақмет, алғысымды айтамын. Және де халқыма алғысымды айтамын. Алланың нұры жаусын, жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын».

Жадыра Шадманова, жалғызбасты ананың қызы: «Осы үйді алғаныма, алуға көмектескендеріңізге рақмет ағайлар. Алла разы болсын, бірінші Аллаға рақмет айтамын, екінші сіздерге рақмет айтамын, үшінші барша қазақ еліне рақмет айтамын».

Бұл жұмысын бастағанына 1 жылдан асқан қайырымдылық қордың көмекке мұқтаж жандарға жыл басынан бері алып берген 2-ші баспанасы. Айта кетейік, тарту етілген бұл үй құны 4,5 млн. теңге. Мұнда қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, бұл игі бастамаға жетісайлық жамағаттан қаржылай көмек үлестіріліпті.

                                           Мөлдір Ибадуллаева