Жылжымалы екпе егу пункті орыс драма театрында

131

Шымкенттегі жылжымалы вакцина пункті орыс драма театрына жетті. Медицина мамандары бұған дейін қаладағы Опера және балет театрында болған еді. Енді міне келесі сахна саңлақтарына екпе салмақ. Айта кетейік, аталмыш өнер ордасының басшысы қатерлі індетке қарсы препаратты 10 күн бұрын салдырған болатын.

Ақ халатты бұл жандардың театрға еш қатысы жоқ. Медицина мамандары қаладағы орыс драма театрына әртіс, гример, режиссерлерді вакцинациялауға келген. Екпе алуға ниет білдіргендердің бірі — Дарья Прокопенко. Сөзінше, екпе алу барлық азаматқа керек. Сонда ғана қалыпты өмірге ораламыз дейді актриса.

Дарья ПРОКОПЕНКО, театр әртісі: «Қазір барлығы вакцина салдыруда. Олардың ішінде мен де бармын. Менің екпе салдыру арқылы қорғаныс пен сенімім күшейеді. Бәрі жақсы болды. Еш ауырған жоқ. Денем сырқырап, ыстығым көтерілуі мүмкін. Бірақ, мұның бәрі өткінші».

Театрда барлығы 95 адам жұмыс істесе, оның 60 жылжымалы пункттен вакцина қабылдады. Ал, өнер ордасының басшысы Игорь Вербицкий екпені 10 күн бұрын алған екен. Және дәл сол күні сахнаға шыққан. Жайсыздықты тек күн батқанда сезіндім деген басшы ертеңіне бәрінің өз қалпына келгенін айтады.

Игорь ВЕРБИЦКИЙ, Шымкент қаласы орыс драма театрының директоры: «10 күн өтті мен өзімді жақсы сезінемін. Психологиялық тұрғыда да қорғаныста екенімді де сеземін. Енді екінші компонентін алсам болды, ауру маған жұқпайтын сияқты».

Театр ұжымы вакцинаның ауадай қажет екеніне сенеді. Және екпе салдыру арқылы ғана көрерменмен қайта қауышамыз дейді.