2021 жылдың 24-мамырында Қаратау АПБ-ның «102» нөміріне Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Ол өз арызында, белгісіз тұлға үйіне терезесін ығыстыру арқылы кіріп, сейфтің ішінде болған жеке куәлігін және төлқұжатын, банкомат карточкасын және құны 400.000 теңге тұратын алтын сырғасын, құны 150.000 теңге тұратын күміс комплект сырғасын және 50.000 теңге ақшасын ұрлағанын көрсеткен. Жалпы келтірілген шығын көлемі 600.000 теңгені құрап отыр.
Тәртіп сақшылары ұрлық жайты болған мекенжайға тез арада жетіп, жедел іздестіру жұмыстарына кірісті. Көрген-білгендерден сұрастырып, көршілерден сауалнамалар жүргізді.
Полицейлердің шұғыл іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, ұрлық жасаған азамат ұсталды. Ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатысы бар екендігі анықталуда. Тексеру амалдары жүргізілуде.
Осы орайда, Шымкент қаласының полицейлері азаматтарға жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын мейлінше қолдану қажеттігін ескертеді.