Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу өзгеше форматта өтіп жатыр. Яғни, мектеп бітірушілер бір жылда 4 рет бағын сынай алады. Ал 6 мамыр мен 30 маусым аралығында мемлекеттік грантқа үміткер ретінде 2 рет тест тапсыруларына болады.
Бұл екі сынақты ішінде ең көп балл жинаған көрсеткіші есепке алынады екен. Сондай-ақ ұлттық бірыңғай сынақ «Бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» принципін негізге ала отырып өткізілуде. Ол үшін арнайы жасақталған тест орталықтары қызмет көрсетеді.
«Бір қатысушы – бір компьютер – бір камера». Биылғы түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуді өзгеше форматта тапсыруда. Сондай-ақ, үшінші мегаполиста ҰБТ тапсыратын арнайы жабдықталған екі «U-Study» тестілеу орталығы дайындалған. Яғни, мектеп бітірушілердің 6-мамыр мен 30-маусым аралығында осы орталықтардың біріне келіп тест тапсыруларына болады. Ол үшін алдын ала электронды тіркеуден өтуі қажет.
Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «ҰБТ-ға қатысушылар өз бетінше электронды өтініштерін беру арқылы кез-келген аймақта, кез-келген орындарға келіп тестілеуден өтуге мүмкіндік бар. Шымкент қаласында биыл 9342 мектеп бітірушілеріміз бар. Алайда бұл мектеп бітірушілерінен бөлек Шымкент қаласына жақын орналасқан Түркістан облысы және басқа өңірлердің талапкерлері тест тапсыру мүмкіндігіне ие болады».
Биылғы талапкерлерге сынақ тапсыру мүмкіндігі 4 рет берілген. 2 рет ақылы оқуға түсу үшін тапсырса, ал екеуі арқылы мемлекеттік білім беру грантына қатыса алады. Тест орталықтарын аралап шыққан Шымкент әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бұл жылғы тестілеу барлығы үшін жеңіл, ешқандай уайымсыз өтіп жатқанын алға тартты.
Шыңғыс МҰҚАН, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Ең жақсысы былтыр бұл ҰБТ-ны өткізу науқан болатын. Ата-аналар есіктің алдына келіп тұратын. Барлығының көңілі алаң. Бір-ақ рет мүмкіндік берілетін болған соң балалардың да психологиялық ахуалы өте күрделі болатын. Қорқыныш пен үрейден өз мүмкіндігін көрсете алмай жататын. Ал бұл жолы емін-еркін, ешқандай кедергі жоқ. Биылғы тест жоғары деңгейде өтіп жатыр деп ойлаймыз».
Айта кетейік, 6-8 мамыр күндері тест орталықтарында 1226 талапкер мемлекеттік гранттан үміткер ретінде өз бақтарын сынап үлгеріпті. Бұл мектеп бітірушілерінің енді тағы тағы бір мүмкіндіктері бар. Алайда оны қолдану-қолданбау оқушының өз еркінде.
Мөлдір Ибадуллаева