Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай шаһардағы қарт майдангерлерді құттықтады. Бүгінде үшінші мегаполисте Ұлы отан соғысының 20 ардагері тұрады. Соның бірі – 97 жастағы Қалтай Бектасов.

Ардагердің үйіне барған шаһар басшысы қарт тұрғынға сый-сыяпат жасап, ұзақ ғұмыр тіледі. Майдангер 3 ұл, 3 қыздан 34 немере, 56 шөбере және 15 шөпшек сүйіп отыр.

Сондай-ақ, Шымкент әкімі Ұлы Отан соғысының ардагері Абылай Қазбаевтың да шаңырағында болды. 96 жастағы тұрғын соғыста зеңбірекшілер тобында болған. 1943 жылдың басында майданға аттанып, Ташкентте дайындықтан өткен соң, Латвия, Литваны азат етуге қатысқан.

Сонымен қатар, Мұрат Әйтенов биыл ғасыр жасайтын қарт майдангер Қаражан Естемесовті мерекемен арнайы барып құттықтады. Ардагер соғысқа небәрі 18 жасында аттанған. Ұрыс алаңында жүріп жалғыз бауырынан айырылған екен. Қазіргі таңда 2 ұл, 1 қыздан 10 немере, 30 шөбере, 5 шөпшегінің қызығын көруде. Майдангер биыл 20 мамыр күні 100 жасқа толады.

Айта кетейік, Шымкентте Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 миллион теңгеден берілді. 3307 тыл ардагеріне 12 айлық есептік көрсеткіш, яғни 35 мың теңгеден астам бір реттік ақшалай көмек көрсетілді.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі