Сенаторлар Шымкентке келді

131

Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкентке жұмыс сапарымен келді. Олар алдымен «Тұран» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылым жұмыстарымен танысты.

Сенатор Бекназаровтың сөзінше, халықтан түсетін арыздардың көбі тұрғын үйге немесе инфрақұрылым мәселесіне тиесілі. Қазіргі таңда үшінші мегаполисте 42 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Биылдың өзінде оның мыңнан астамы үйлі болады екен.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Бізге түсіндіріп айтып берді мамандары, басқарма басшылары яғни, газбен қамтамасыз етумен АГРС-3 салынып жатыр. Үлкен газ реттеуші станция. Былтыр қаражатын шешіп, әкімдіктің жобасымен жасалынып жатқан нәрсе. Кәріз жүйесі де тартылып жатыр 20 км. Кәріз жүйесі бұрынғыдай проблемалы болады демейміз. Жарық тартылып қойды деп бізге сендірді. Сапалы сумен де қамтамасыз етіледі деді. Яғни, мәселе тұрғын үйді салып беріп, адамдарды кіргізіп, беріп жатқаннан кейін, әрине, адамдар қуанышпен кіреді. Одан кейін барып шығып жатады. Проблемалар, арыздану болады. Сондықтан мердігерлермен жаңа сөйлестік, оларды тыңдап, нақты жауабын алдық. Бәрі жақсы болады деп уәде берді».

Сонымен қатар, сенаторлар жаңадан ашылған жеке мектептің жұмысымен танысты. Оқушылар санының көбейгенін айтқан депутат Айгүл Қапбарова жұмысы тоқтап бос қалған нысандардың жеке мектепке айналуын құп көретінін айтты. Айтуынша, ең бастысы жеке мен мемлекеттік мектептегі білім сапасында айырмашылықты болдырмау. Қазірдің өзінде Шымкентте 29 жеке мектеп балаларды тегін оқытуда.

Айгүл ҚАПБАРОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «29 жеке меншік мектепте  тегін білім алады. Жеке меншік деген де айтады үлкен пайда тауып, байып жатыр кәсіпкерлер деп. Ол ондай емес, Шымкенттегі кәсіпкерлердің жанашырлығы, патриоттығы біріншіден. Олар жан басына шаққандағы қаражатпен күн көріп, балаларға жақсы білім беріп жатыр. Бұл Шымкенттің ерекшелігі, артықшылығы деп айтсақ болады. Сондықтан да кәсіпкерлердің айтылатын бірқатар мәселелері бар оны бізге жеткізді. Біз өз кезегімізде Нұрлан Құдиярұлы екеуміз оны министрлікке, Үкіметке олардың өтіншін жеткізетін боламыз».

Халық қалаулыларының келесі ат басын бұрған нысаны №2 қалалық аурухана болды. Былтырғы іс сапарында аурухананың қайта жөндеуден өтіп жатқанын көрген сенаторлар енді осы жолы толық жөндеу жұмыстары аяқталған аурухананың жұмысымен танысты.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Біздің бүгін аурухананың толық іске қосылғанына көзіміз жетті. Жалғыз қабырғасы ғана жаңаланбаған. Бұл жерде біздің көргеніміз үлкен медициналық аппараттардың жаңартылғаны. Денсаулық сақтау басқарамасы басшысының айтып жатқаны КТ аппарттары бұл енді Қазақстандағы жоқ аппараттарды қойғаны жөнінде мәлімет берді».

Сенатор Айгүл Қапбарова үшінші мегаполисте әр 15 минут сайын бір бала туылатынын айтады. Медицина саласындағы өзекті мәселелердің бірі босану үйлерінің тапшылығы екенін жеткізді. Енді аталған мәселелер бойынша Сенат депутаттары министрлік және Үкіметпен етене жұмыс істейміз деп сендірді.

Олжас Айдарбек