Шымкентте 60 жастағы блогер әжей тұрады

289

Шымкентте 60 жастағы апа «Үздік блогер» атанды. Ол университет қабырғасында 40 жылдан бері ағылшын тілін үйретіп келеді екен. Ал соңғы жылдары инстаграм әлеміне бет бұрған. Немерелерімен тик-ток түсіреді, шәкірттеріне тәжірибесімен бөліседі. Заман талабына сай өзгерген ұстаздың алдағы арманы қандай?

Бұл инстаграм арқылы шәкірт тәрбиелеп жүрген — Айман Асылбекқызы. Ол 40 жылдық тәжірибесі бар ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Алайда онымен ғана шектеліп қоймай, блогерлікті де қатар алып жүр. Сөзінше, 60-қа келген шағында бұл саланы меңгеруіне әріптестері түрткі болған көрінеді.

Айман Асылбекқызы, блогер: «Зейнеткерлікке шығатын уақытым жақындап қалды. Сосын не істеймін деп жүргенде ұжымдастарым блогер болмайсыз ба? Сіздің суреттеріңіз, посттарыңыз қызықты, асыға күтеміз деп айтты филология факультетінде. Сосын мен пенсияға шыққанда не істеймін? Неге жүрмеске, неге жүргізбеске, көрейін дедім».

Алғашында блогерлікті қызығушылықпен ғана бастаған әжей бүгінде бірнеше жобаларға қатысып, Шымкентте өзі секілді блогерлер арасында өткен сайыста үздік атанған. Бірақ, білім алуды әлі де тоқтатпаймын дейді.

Инста-блогер жастардың сұранысына сай тик-ток пен вайн түсіруді де құптайды. Егер тәрбиелік мәні болса, оның еш әбестігі жоқ дейді. Кез-келген дүниені өз болмысымызға ыңғайлауға болатынын алға тартты.

Айман Асылбекқызы, блогер: «Бұрын тик-ток десе, Құдай-ау немене бәле мынау, деп жақтырмайтын едік. Немерелерім тик-ток ашып қойса, жауып тастаңдар деп рұқсат бермейтін едім. Кейін қарасам тик-токтың ішінде де пайдалы, тәрбиелік мәні бар дүниелер көп екен. Сөйтіп соларды таңдап-таңдап, немерелерімізбен бәріміз үйреніп алдық. Вайн, тик-ток түсіріп, пранктар түсіріп қояды апасына».

Заман талабынан ұялмау керек деген әжейдің ендігі арманы оқырмандарына ағылшын тілі курсын ашу, әлеуметтік желі арқылы тіл үйрету екен.

 Мөлдір Ибадуллаева