Шымкентте «Жастар лигасы» мәресіне жетті

17

1 маусым кешкісін «Шымкент жастар лигасының» соңғы ойыны өтті. Футболдан жүлдегерлерді анықтайтын ақтық ойын А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта мектебі мен №58 жалпы орта мектебі оқушыларының арасында болды.

Бас жүлде – 20 миллион теңге. Тартысты бәсекеде А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта мектебінің командасы қарсыластарын 1:0 есебімен жеңді. Жеңімпаз мектеп директорының айтуынша, бірінші орын иегерлеріне берілетін 20 миллион теңгені мектеп игілігіне жұмсамақ екен.

Айгүл Қаппарова, №87 мектеп директоры: «Оқушылардың біліміне қажетті құралдарға жұмсалады. Мәселен мектептің дизайның ерекше болғанын қалаймыз».

Шымкент жастар лигасы наурызда басталып, қаладағы 140 мектептен 536 команда қатысты. Барлығы 8 мыңнан астап оқушы тартылды.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Бүгінгі 20 млн. теңгеге жүлделі болған білім ұйымы команда өздерінің жеңісін мектебінің материалдық базасын нығайтуға арнайтын болады. Мысалы, шахматтан бірінші орынды иеленген №1 мектеп өздеріне далада жабық спорт залын салдыртсақ дейді. Кейбір мектептер автобус сұрап отыр. Кейбір мектептер панельді тақта сұрап отыр».

Айта кетейік, Шымкенттің барлық мектебін қамтыған «Жастар лигасы» алғаш рет ұйымдастырылды. Мақсаты – мектеп оқушыларының бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту. Алдағы қыркүйек-қарашада студенттер арасында өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, лига жеңімпаздардан ел чемпионатына командалар жасақталады.

Камила Есенғали