Түркістан: Жыл басынан бері бесінші үшем дүниеге келді

163

Балағынан бала саулаған күнгейлік аналар қандай мақтауыңызға да лайық. Биыл Түркістан облысының батыр аналары үшемдетіп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

Жуырда Түркістан облысы, Түлкібас ауданында үшем дүниеге келді. 37 жастағы Назипа Янгибаева №1 облыстық перинаталдық орталығында екі қыз бен бір ұл босанды.

Уақытынан ерте туылған үшемдер перинаталдық орталық дәрігерлерінің бақылауына алынған. Білікті медицина қызметкерлерінің көмегімен сәбилер салмақ қосып, денсаулық жағдайы жақсарып келеді.  Жаңа туған нәрестелерге ерекше есімдер берілді. Әдемі, Ислам, Самира есімді үшемдер жуық арада үйлеріне шығарылмақ.

Айта кетсек, үшем дүниеге келген отбасының бір ұл мен екі қызы бар. Көпбалалы ана үй шаруасында отырған әйел. Ал, отағасы көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді.

Былтыр № 1 Облыстық перинаталдық орталығында 8746 сәби дүниге келді. Жыл басынан бері 3108 нәресте туылған. Оның 72 егіздер болса, екеуі үшем. Орталық дәрігерлері әр жыл сайын жүздеген шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуда.