Шымкенттегі ИЧ 197/4 әйелдер колониясы ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейтін орын. Ондағылар қаншама адам өлімін мойнына арқалағандар. Темір тордың арғы жағындағылардың әрқайсысының өз шындығы мен тағдыры бар. Біздің бүгінгі кейіпкерімізді түрмедегілер киллер деп атайды. Ол үш адамның жанын қиған. Себебін де ашық айта алады. Баласына көмектеспек мақсатта ақша үшін қылмысқа барған.
Бұл әйел 28 жылға қатаң режимдегі абақтыға тоғытылған. Бүгінде жазасының 16 жылын өтеген. Ол түрмеге күйеуімен бірге түскен. Ерлі зайыптыларды үш адамның өлімі үшін айыптаған. Әйел барлық өлімді ақыға жасадым дейді.
Бірнеше кісі өлімі үшін сотталған әйел өзінің құрбандарын қалай өлтіргені туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Әйел мұндай қадамға баласының ауруына байланысты барғанын, оған операцияға ақша қажет болғанын мәлім етті. Сондықтан үш адамның өмірін қиюды ұйғарғанын айтады.
«Мені бұл іске ақшаға деген қажеттілік итермеледі. Ұлыма шұғал ота жасату қажет болды. Керекті ақшаны бірінші өлімде-ақ таптық. Бірақ екінші отаға 300 мың евро қажет болды. Бізге ауыр жаза берілетінін білдік, бірақ мен өзім ұлымды құтқару үшін бәріне барамын дедім».
Оның кісі өлтірудегі серіктесі өзінің күйеуі болыпты. 3 жылдан соң қылмыскерлер ұсталды. Осы уақыт ішінде олар тапсырыс бойынша кәсіпкерлерді өлтірген. Бірінші құрбанын демалып жатқан жерінде бақилық етіпті.
«Олар ішімдік ішіп, демалып жатқан. Оларды бұталардың арасынан аңдып тұрдым. Ол жалғыз қалған кезде артынан барып, басының артқы жағынан ұрдым. Мақсатты ісімді жүзеге асырған соң бойымда үрей мен қорқыныш басталды. Бірақ бәрі кеш екенін түсіндім», дейді ол.
Ал екінші құрбанын бір жылдан соң үйінен шығып бара жатқан сәтте өлтірген. Жазасын өтеуші үшінші адамды үйдің кіре берісінде о дүниеге аттандырған.
«Ол үйдің подъезіне кірді. Мен оны өзіме назар аударттым да атып тастадым. Оқты басына тигіздім. Дәл маңдайын көздеген болатынмын, бірақ болмады».
Әйелдің ұлына ота жасалып, аман қалыпты. Бірақ ата-анасы қаржыны қалай тапқанын бала олардың түрмеге жабылғаннан соң бір-ақ білген.
«Мені түрмеге алып келген кезде үш күн ұйықтадым. Мен ұзақ уақыт отыратынымды, ең болмағанда ар-ожданымның бір бөлігі таза болатынын түсіндім. Содан кейін балам білді, ол келіп, үкім шыққан күні бәрін білді, есеңгіреп қалды. Олар бізді сот залына апара жатты. Баламды көргенде өліп қала жаздадым», дейді.
Тұтқынның күйеуі әйелімен бірге сыбайлас ретінде танылды. Оған 26 жыл қатаң режимдегі абақтыда жазасын өтеу үкімі беріліпті. Ал киллер әйелге 28 жыл берілген.
«Мен бәрін түсіндім, бірақ бұл өзектегі өкініш өмірімнің соңғы күніне дейін болары анық. Бұл жайдан жай кете салатын нәрсе емес! Мен осымен өмір сүруім керек», дейді.