ЭЫДҰ: Әлем экономикасы біртіндеп қалыпқа келіп жатыр

145

 

Әлем экономикасы біз күткеннен де жылдам қалыпқа келіп жатыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мамандары осындай болжам жасады. Яғни, жыл соңына дейін әлемдік ішкі жалпы өнім 5,8 процентке жетеді. Бұл соңғы 48 жылдағы рекордты көрсеткіш.

Экономиканың қалыпқа келуі халықты вакциналаумен тікелей байланысты дейді мамандар. Өйткені қазір АҚШ пен Ұлыбританияда вакцина дозасы тұрғындарының 90 процентне жетеді. Сәйкесінше осы елдерде өсім әлемдік өрташа көрсеткіштен жоғары болады.

Ал дамушы елдер экономикасының қайта аяққа тұруы 5 жылға дейін созылуы мүмкін. Ұйым мамандары пандемия кезінде елдің сыртқы қарызын арттырмауға, салық жүйесіне тиімді өзгерістер енгізіп, білім беру, денсаулық сақтау және климаттың өзгеруіне байланысты жобаларға инвестицияны арттыруға кеңес береді. Өйткені кез келген қиын жағдайда білім мен денсаулық қана елді алға сүйрейтініне сенімді.

Лоранс Бун, ЭЫДҰ бас экономисі: «Туризм саласы қаншалықты шығынға батқаны белгісіз. Олар қазіргідей жағдайға барынша бейімделуі керек. Ал осы салада жұмыс істеп жүріп, қысқартуға ұшыраған мамандарды қайта оқытып, экономиканың өзге салаларына бағыттау қажет. Бұған қоса туризм саласына мемлекет тарапынан көмек беріліп, қиын жағдайдан тез шығуына жағдай жасаған дұрыс. Карантин аяқталып, шекара ашылған кезде олар қонақтарды қабылдауға дайын болуы тиіс».

Шынар Оразова