Шымкент циркі жыртқыш аңдардан толығымен бас тартты

135

Шымкент циркі жыртқыш аңдардан толығымен бас тартты. Енді үшінші мегаполис тұрғындары адам мен жануар арасындағы өнерді тамашалай алмайды. Жаңашылдыққа бет бұруды көздеген цирк ұжымы қойылымдарды техникамен байланыстыруды ұйғарған. Олар бұл шешімді қауіпсіздік үшін қабылдағанын жеткізді. Енді цирк ұжымы көрерменді қандай өнермен қызықтырмақ?

Бұл қазақ циркінде арыстанды қолға үйреткен жалғыз ару — Жанат Калметова. Ол дессура өнеріне осыдан 4 жыл бұрын келген. Алғашында күшіктерді үйреткен батыр қыз ақырындап арыстанның да тілін таба бастаған. Содан бері бар махаббаты мен уақытын арыстандарға арнаған. Сондықтан Шымкент циркінің жыртқыш аңдардан толығымен бас таруы әртіске оңайға соқпапты.

Жанат Калметова, цирк әртісі: «Сол концепция шыққан кезде «Жануарларсыз цирк» деген кезде мен стресс жағдайында болдым. Менің жаным ауырған секілді ешкімнің жаны ауырды деп ойламаймын. Себебі жан-тәніммен бүкіл өмірімді, бос уақытымды, бос-бос емес уақытымның барлығын мен сол арыстандарға арнағанмын».

Әртістің сөзінше қимастық сезімінен әлі де арыла алмай келеді. Тек, цирк ұжымының қолдауымен ғана шығармашылығын қайта қолға алған. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеумен қатар өзінің репертуарындағы партерлік сахнамен ойнау, велосипедпен және от шоуымен өнер көрсетуді жоспарлап отыр.

Жанат Калметова, цирк әртісі: «Қазіргі таңда ұстазбын. 3 шәкіртім бар. Жалпы циркте жан-жақты артистпін. Шәкірт тәрбиелеу, жонглер, эквилибрист, әуе гимнастикасын дамыту, ары қарай сол номерлерді шығару. Қызымды әуе гимнастикасына дайындап жатырмын».

Шымкент циркінің қарамағында бұған дейін 2 арыстан мен 6 жылқы болған. Ал аю, маймыл, жылан мен күшіктер жеке тұлғаның меншігіндегі жануарлар. Бүгінде екі аю зообаққа жеткізілді. Ал, қалған аңдардың әрі қарайғы өмірі біздің жауапкершілігімізде емес, жануар иелері өздері шешеді дейді цирк меңгерушісі. Ал бұған дейін күніне 10-12 келі ет тұтынған 2 арыстан да жануарлар бағында. Оған бөлінген қаржының орнына өз реквизиттерін істеп шығаратын шеберхана ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ цирк ұжымы өз бағдарламаларын жаңа 3 номер және талантты 15 әртістермен толықтырған. Жаңашылдыққа бет бұруды көздеген олар мұндай шешімге қауіпсіздік үшін барғандарын жеткізді.

Сұлтанхан Аманов, «Шымкент цирк» меңгерушісі: «Аңдардан бас тартудың бірінші себебі қауіпсіздік шаралары бойынша. Неге десеңіз, оның белгіленген бір маманы жоқ. Техниктер бар. Бірге ұстап оны секіртіп ұстап тұратын. Бірақ ол жерде қауіп өте көп болады. Екінші жағынан алып жүру, өнер көрсетуі. Бір қалада бір жыл бойы өнер көрсете бермейді ғой. Карантин салдарына байланысты 1,5 жыл болды еш жаққа шықпады. Сол себепті бас тартуға осындай шешім қабылданды».

Айта кетейік, Шымкент циркі қала күніне орай жаңа бағдарлама әзірлеуде. Барлық қойылым жаңа форматта, талантты әртістердің қатысуымен болады дейді ұжым. Ал жануарлардан тек жылқы ғана өнер көрсетеді. Алдағы уақытта оның қасына түйені де қосу жоспарда бар екен.

Мөлдір Ибадуллаева