«Шымкент қаласының тарихы» атты кітаптың тұсауы кесілді

260

Шымкентте жазушы, тарихшы әрі шежіреші Момбек Әбдіәкімұлының «Шымкент қаласының тарихы» атты кітабы жарық көрді. Қала күніне орай тұсауы кесілген еңбекте шаһардың әлімсақтан күні бүгінге дейінгі тарихына тұтастай шолу жасалып, өткен ғасырларда іске асқан барлық қадау-қадау тарихи оқиғалар хақында молынан баяндалған. Бұған дейін мұндай кітап болмағанын алға тартқан жазушы бұл еңбекті жарыққа шығару үшін тарихты 30-40 жыл бойы зерттедім дейді.

Момбек Әбдіәкімұлы, жазушы, шежіреші, профессор: «Бұл кітапта Шымкент қаласының тарихының 70-80 пайызы түгел хатқа түсті. Кітапта статистикалық мәліметтер және цифрлар өте көп. Бұл жерде қаланың бірінші мектебі қайда ашылды? Аурухана қашан ашылды? Бірінші жол қашан салынған? Бірінші көше қашан ашылды? Бірінші саябақ қашан салынды? Осы енді адамзатқа не керек қаланың ішкі құрылысында, соны барлығы қамтылды».

2200 жылдық тарихы бар көне Шымқала туралы жазылған бұл еңбек тарихшы-профессорлардың да көңілінен шықты. Қаланың өсіп-өркендеуі мен дамуы жолындағы оқиғалардың оқырманға берері мол дейді олар. Кітап тұсаукесеріне қатысқан Шымкент әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да бұл еңбекті жоғары бағалап, құнды кітапқа деген қызығушылықты арттыру қажет екенін алға тартты.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Тәуелсіздік жылдары басталған тарихты зерттеу қозғалысы осы міне бүгін Момбек Әбдіәкімұлы ағамыздың бүгінгі бастамасымен жалғасып, бір-бірімен сабақтасып жатыр десек артық айтқандық емес. Тарихты жазу, тарихқа баға беру, тарихты зерттеу өте қиын жұмыс».

Мөлдір Ибадуллаева