Түркістан полицейлері жылыжайда есірткі өсірген тұрғынды ұстады
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғындардың бірінің есірткіні үйінде заңсыз өсірумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеп тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер есірткі өсіру қылмысына қатысы бар күдіктіні анықтады.
Тәртіп сақшылары ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде, үйінің ауласындағы жылыжайға өсірілген есірткіге ұқсас 5 түп өсімдіктерді тапты. Осыдан соң аталған өсімдіктер тиісті сараптамаға жолданды, нәтижесінде 5 түптің барлығы есірткі тектес «Сора» өсімдігі болып шықты.
Полиция қызметкерлері тексеру барысында күдікті деп танылған азаматтың есірткіні өзіне қолдану мақсатында өсіргенін және оның жергілікті тұрғын екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері есірткінің заңсыз өсіру мен таралуына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.