Жалған ақпарат: «Вакцина салдырғандар 2 жылдан соң қайтыс болады»

124

«Вакцина салдырғандар 2 жылдан соң қайтыс болады». Ғаламторда дәл осындай ақпарат тарап кетті. Бұл мәліметке қатысты сарапшы маман Манар Смағұл жауап берді.

Ол жалпы вакцинациялау тәжірибесі әлемде бұрыннан қолданылып келе жатқандығын алға тартты. Сөзінше, екпе қабылдаған соң ауру жұқтырғандардың саны азайған. Сонымен қатар, маман вирустардың не үшін мутацияға ұшырайтыны жайлы айтып берді.

Вакцина салдырғандар 2 жылдан соң көз жұмады. Әлеуметтік желіде осындай ақпарат тарап, халық арасында резонанс тудырған болатын. Ал сарапшы маман Манар Смағұл жұртты дерексіз дәйекке сене бермеуге шақырады. Сөзінше, вакцинация тәжірибесі әлемде әуелден қолданылып келе жатқан құбылыс. Сондықтан, оның адам өмірі үшін ешқандай қауіптілігі жоқ.

Манар Смағұл, ҚР ДСМ «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары:» Коронавируске қарсы вакцинаның қолданылып жатқанына жарты жылдан енді ғана асты. Былтырғы желтоқсан айынан бастап Израиль, АҚШ елдерінде қолданыла бастады. Сондықтан, екі жылдан кейін адам өледі дегені – нағыз фейк. Бүгінде мысалы нақты деректер жоқ, қайтадан ревакциналау жүргізу керек пе, жоқ па, мұның бәрі әлі зерттеліп жатыр. Сондықтан, толыққанды фейк деп айтуға болады. Оған да тағы бір дәлелі – вакцина алғандар арасында ауырған адамдар саны өте төмен. Ол да вакциналаудың, аурудың алдын алудың тиімділігін көрсетеді».

Манар Смағұл мақұлданған коронавирусқа қарсы вакцинациялар вирустың жаңа нұсқаларынан кем дегенде біршама қорғауды қамтамасыз ететінін алға тартты. Себебі бұл екпелер бірқатар антиденелер мен жасушалардың қатысуымен кең иммундық реакцияны тудырады. Оның айтуынша, вирустың өзгеруі немесе мутацияға ұшырауы вакциналарды толығымен тиімсіз етпеуі керек.

Манар Смағұл  ҚР ДСМ «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары: «Вирустың мутациясы бірнеше апта немесе айлар ішінде көптеген вирустар мен сезімтал адамдарға байланысты тез жүреді. Кейбір мутациялар вирусты тұрақсыз және осал етеді, ал кейбір мутациялар вирустың жұқпалы болуын, өлімді арттырады, аурудың ауыр ағымын тудырады».

Ал Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова вакцинаның бірінші дозасынан кейін ауырғандар екінші дозаны қалай алатындығын айтты. Сөзінше, доза қабылдаған адам ауырса, міндетті түрде ем алуы керек. Толық қалпына келгеннен соң, 6 айдан кейін қайтадан екпе салдыруы тиіс.

Роза Қожапова, ҚР ДСМ Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы:» Егер адам коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасынан кейін ауырып қалса, алдымен тиісті ем алуы керек. Әрине, емдеу кезеңінде ол екінші дозаны алмайды. Сауыққаннан кейін бізде кез келген вакциналау үш-алты ай өткеннен кейін басталады. Тиісінше, бірінші компонентті алғаннан кейін ауырғандар емделеді және қалпына келгеннен кейін үш-алты ай күтеді. Қалпына келген соң алты айдан кейін вакциналаудың толық курсын қайтадан бастайды».

Роза Қожапова коронавируспен ауырғандардың 3 ай бойы вакцина алмайтынын мәлімдеді. Олар екпе қабылдаудан босатылып, кез келген ұйымға және жұмысқа барудан шеттетілмейді. Және полимеразды тізбекті реакция сынамасын тапсырмайды.

Әлихан Файзханов