Алексей Цой: Антиваксерлермен кездесуге дайынмын

91

Вакцинаның кез келген түрі қауіпсіз. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой нақты бір вакцинаны күтіп отырудың қажеті жоқ екенін айтады. Сөзінше, көп адамдар Pfizer немесе басқа да екпе дозасын күтіп өз өміріне қауіп төндіруде. Осылай деген министр вакцинаның барлық түрі қолдануға жарамды екенін атап өтті.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Нақты бір вакцинаны күтудің қажеті жоқ. Қолда бар қолжетімді вакцинаны қолдана беру керек. Қазіргі күні қолда бар вакциналардың, атап айтқанда QazVac және басқа да вакцинаның елімізге қаншасын жеткізе алатынына байланысты. Себебі компаниялардың өзара келісімі бар, оның бір бөлігі демеушілікпен келеді. Сондықтан жаңа вакциналарды алып келу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз».

Сонымен қатар, министр вакцина салуға қарсы тұрғындар яғни антиваксерлер мен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың арасындағы келеңсіз оқиға туралы пікір білдірді. Алексей Цой егер де мүмкіндік болса, антиваксерлермен жеке өзі кездесуге дайын екенін жеткізді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Түсіндіру жұмыстары барлық сатыда жүріп жатыр. Вице-министрлер де, мен де халықпен байланысқа шығып жүрміз. Сондықтан, кім бос болса сол кездеседі. Бұл жерде ешқандай сұрақ болмауы керек. Бізде барлық мамандар халықтың алдына шығып жүр. Кім сол маңайда болса, сол шығады. Бос болған мамандар шықты. Біз азаматтардың бәріне бірдей қараймыз. Біз үшін әрбір Қазақстан азаматының орны бірдей. Мүмкіндік болса, әрқашан кездесеміз. Әрқашан кездесуге дайынбыз. Нақты мен жеке кездесуге дайынмын».

Әлихан Файзханов