ОҚУ: «Мәдениет және спорт» кафедрасы түлектерді шақырады

102

«Мәдениет және спорт» кафедрасы түлектерді шақырады. Оңтүстік Қазақстан университетінің аталмыш бөлімі 1967 жылдан бастап қаншама мемлекетке белгілі мәдениет қайраткерлерін тәрбиелеген. Оқу орынының жастарға берер білімі мен мүмкіндігі мол.

Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мәдениет және спорт» кафедрасы талапкерлерге есігін айқара ашады! Кафедра 1967 жылы құрылған. Сол кезеңнен бастап онда білім алған түлектер қатарында қаншама ел мақтанышына айналған тұлғалар түлеп ұшты.

Медеубек Тәңірбергенов, «Мәдениет және спорт» факультетінің деканы: «Біздің түлектер арасында Ескендір Хасанғалиев, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Әлия Юсупова сынды атақты әртістер мен спортшылар бар. Олардың арасында халықаралық деңгейде жүргендер де бар. Мысалы, биыл Токиода өтетін Олимпиадаға біздің университеттің 5 студенті барады, оның үшеуі біздің кафедрадан».

Ангелина бала күнінен бастап шығармашылықты жаны сүйіп, оған жақын болған. Бойжеткен мектепті бітіргеннен кейін «Мәдениет және спорт» кафедрасы туралы ести сала, ойланбастан құжаттарын сонда тапсырғанын айтады. Қазір ол 4 курсқа өтті. Бұл жылдар аралығында студенттің шығармашылық қоржынына қаншама жобалар мен жетістіктер жиналған.

Ангелина Белоусова, студент: «Біз университет қабырғасында жүріп-ақ қаншама қайырымдылық жобаларын жүзеге асырдық. Мұнда біздерден көмек сұрап немесе ұсыныс айтып хабарласатындар жеткілікті. Өзіміз үшін тәжірибе жинау мақсатында ештеңеден де бас тартпай, аса қызыушылықпен түрлі жобаларды ұйымдастыруға кірісіп кетеміз. Ал, жоғары оқуды тәмамдаған соң арнайы агенттік ашу мақсатым бар».

Мұндағы педагогтар студенттердің кемел болашағы үшін дамылсыз еңбек етуде. Олар оқытуда арнайы инновациялық әдістерді қолдана отыра, әр білім алушының қабілетіне қарай жеке жұмыс жасайды.

Татьяна Тарасенко, педагогика ғылымдарының кандидаты: «Университетте студенттерге терең білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Оқытушыларымыз жастарға іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды үйретеді. Сондай-ақ, қажетті құжаттар пакетін дайындауға машықтандырады. Ал біздің кафедрамызға оқуға түскен талапкер кез-келген іс-шараны жоғары деңгейде, оңай әрі сапалы атқарып шығатын маманға айнала алады».

Оңтүстік Қазақстан университетінің дипломы түлектерге түрлі мәдениет саласында қызмет етуге мүмкіндік береді. Атап айтсақ, олардың ішінде Мәдениет және спорт министрлігі, мектеп директорының орынбасары қызметі бар. Және театр мен кітапхана ісіне араласуға да жол ашады.

Ақмарал Айтбаева