Шымкентте істен шыққан субұрқақтар қайта қосылды

64

Осыдан тура бір ай бұрын біздің тілшілер Шымкент әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетовпен бірге қаладағы субұрқақтарды аралап шыққан еді.

Арнайы жұмыс кезінде фонтандардың көбінің сорғылары ұрланғаны анықталды. Әкім орынбасары жауаптыларға проблемаларды шұғыл шешу туралы тапсырма берген болатын. Нәтижесі қандай?

Арбаттағы бұл фонтандар қала тұрғындары үшін жаздың аптап ыстық күндерінде таптырмас орын. Алайда бұл бір ай бұрын жұмыс істемей тұрған еді. Тексеріс нәтижесінде мұндай мәселе қаладағы тағы бірнеше субұрқақатарда бар екені анықталды.

Жалпы саны – 12. Яғни, Асар мөлтек ауданындағы фонтанда 5 жыл бойы су болмаған екен. Проблеманы Шымкент әкімінің орынбасары Маулен Айманбетов бақылауға алды. Қазіргі таңда барлығы іске қосылған. Ол үшін мемлекет есебінен 174 млн теңге бөлінген.

Дархан Тұрғанбай, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Біздің басқармаға қарайтын 37 субұрқақ бар. Олардың 37-сі бүгінгі таңда жұмыс істеп тұр. Осыдан бірнеше апта бұрын Арбаттағы, аэропорттағы және Асар мөлтек ауданындағы фонтандар насостарының жоқтығынан, басқа да техникаларының жоқтығынан жұмыс істемей тұрған. Олардың барлығы орнына келтіріліп, қазіргі таңда бәрі жұмыс істеп тұр. Күніге таңғы сағат 8-ден кешкі 11-ге дейін арасында жарты сағаттан, бір сағаттан демалыс болады».

Сала жауаптылары субұрқақтың бірнеше жыл бойы жұмыс істемей тұрғанының басты себебін сорғылары жоқ болуымен байланыстырды. Сөздерінше, оны әлдекімдер қолды қылған көрінеді. Ал онсыз фонтанды қосу мүмкін емес.

Шынболат Абиев, «Пример строй» ЖШС директор орынбасары: «Реконструкциядан өткен «Шәмші» аллеясы біз балансқа алған кезде насос, фонтанның форсункалары, электр жүйелері болмаған. Біз олардың барлығының ішкі насосын қойдық. 180 шақты форсункасын орнаттық. Және электр жүйелерін қалпына келтіріп, бұл фонтанды қайта қостық».

Айта кетейік, бұған дейін субұрқақтар күніне 7 жарым сағат қосулы тұрған болса, биылдан бастап оның уақыты 10 жарымға сағатқа көбейіп отыр. Сондай-ақ мамыр айынан бастап іске қосылатын фонтандар қыркүйек-қазан айларына дейін өшірілмейді екен.

                                          Мөлдір Ибадуллаева