Түркістанды көгалдандыру жүйесі өзгертілді

289

Түркістан қаласы аумағындағы көгалдандыру жұмыстарына жаңа жүйе енгізілуде. Енді облыс орталығында жасыл желектерді суғару жолдары өзгертіледі.

Жаңа жүйе егілген ағаштарды сақтап қалып, жаңа отырғызылатын жасыл желекті жайқалтуға септігін тигізбек. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппарат отырысында мәлімдеді. Осыған дейінгі қазылған ұңғымалар мен су жүйелері қосымша тәсіл ретінде қолданылатын болады.

«Бұл Түркістанда мен қанша айтам, тәжірибе бар ғой. Екі-ақ шартты. Астында су жату керек, климат өзгерген, 44-45 градус ыстық. Астында су жатпаса, тал шыдай алмайды. Екінші мәселе, желден қорғау керек. Әр талға тартпа жасау керек. Осы екі шарт болса, тал өседі. Қаланың әкімі қазір жаңадан жүйе жасайын деп жатыр суғару мәселесі дәл осы кварталдарда. Соған қатысыңыздар, әркім өзінің секторын ұмытып кетпесін, тартқан кезде сол секторлардың барлығы болатын болсын ішінде. Қазір сол жүйені, қазірге дейін жасалған скважиналар қосымша болып тұра береді. Біз мұны каналдың суымен суғару керекпіз. Оның жүйесі болады. Осы жерді біз бау қылып жіберуіміз керек», деді облыс әкімі.

Өңірде «Арыс-Түркістан» каналы арқылы су жүйесі тартылып, әр көшеге қосымша қуатсыз су жеткізілетін жаңа әдістер енгізілуде. Тиімділігі – су шығынын азайтып, суғару тәсілін жеңілдетеді. Түркістанды көркейту және абаттандыру мақсатында шаһар қосымша 32 секторға бөлінген.

Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басшылары тікелей жауапты. Қаладағы «Жасыл белдеу» аумағы 2 есе ұлғайып, 13 500 гектарға жетті. Жыл соңына дейін оның көлемін 20 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.