Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілмек. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің мәліметінше, елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік іс жүргізудің 60 пайызы екіжақтың татуласуына байланысты тоқтылады екен.
Себебі отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйел көп жағдайда күйеуіне психологиялық, қаржылық жағынан тәуелді болғандықтан мәселені ушықтырғысы келмейді және татуласуға келісімін береді екен.
Өткен жылы жәбірленушілерден 190 мың өтініш түссе, соның 4/1 ғана сотқа дейінгі тергеуге жіберілген. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда екіжақтың татуласу процесін қайта қарау қолға алынуда.
Алексей Милюк, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары: «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық қорғау органдары әкімшілік іс жүргізуді зардап шегушінің өтінішінсіз де іске асыра алады. Жалпы, зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік іс жүргізудің 60 пайызы екіжақтың татуласуына байланысты тоқтылады. Осы орайда біз тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда екіжақтың татуласу процесін қайта қарауды қолға алып жатырмыз. Яғни, алдағы уақытта күйеуі тарапынан әйеліне қол көтеру қайталанған жағдайда, татуласуды болдырмау жоспарда бар».
Ведомства өкілі мұндай қылмыстар көбінесе әлеуметтік экономикалық проблемалар негізінде, алкогольді жүйелі түрде теріс пайдалану салдарынан жасалатынын айтады.
Тұрмыстық құқық бұзушылықтардың жартысы мас күйінде жасалады, ал ұсталған отбасылық жанжал шығарушылардың 80%-ында тұрақты жұмыс орны жоқ.
Олжас Айдарбек