Тұрмысы төмен отбасы балаларына тегін спорт кешені ашылды

150

Шымкентте жас кәсіпкер әрі бокс бапкері өз қаржысына тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалар үшін спорт кешенін ашты. Онда бокс, кикбоксинг, дзюдо, таэквандо және ережесіз жекпе-жек спорт үйірмелері бар.

«Қазығұрт» мөлтек ауданынан ашылған жаттығу залында әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және жартылай жетім отбасыдан шыққан балалар тегін спортпен айналыса алады. Кешен иесі залды бүкіл керекті құрал-саймандармен қамтыған. Бапкер енді шалғай аудан спортшылары алыс орналасқан спорт залдарына барып сандалмайтынын айтады.

Шымкенттегі «Қазығұрт» шағынауданында жас кәсіпкер ерекше спорт залын ашты. Барлығын өз қаржысына салған бокс бапкері жергілікті әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды тегін жаттықтыруға дайын. Мұнда спорттың 5 түрімен айналысуға болады. Олар бокс, кикбокс, дзюдо, таэквондо және ережесіз жекпе жек.

Ерлан Айтбаев, Жастар ресурстық орталығының басшысы: «Спорттың 5 түрінен жаттығулар жүріп жатыр. Осы жерден табыс табу мәселесімен ашылғанымен, мына қайырымды істер марафонын қолдай отырып Ережеп бауырымыздан ұсыныс түсті. Қазығұрт ауданындағы аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары осы жерде тегін жаттығу жасаса болады, қолымнан келген, елге жасаған қызметім болсын деген ұсыныспен бірлесіп осы спорт зал ашылды».

Бапкер Ережеп Журкаев спорт залын өз қаржысына салған. Ішін барлық керекті жаттығу құралдарымен қамтыған. Қазіргі уақытта бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта үйірме санын да көбейту жоспарда бар дейді.

Ережеп Журкаев, бапкер: «Қазығұрт шағынауданында өсіп келе жатқан жастарымызды спортқа баулу басты мақсатымыз. Ынтасын ашу, жастардан чемпион шығару. Басты мақсат бізде осы. Қазір 5 үйірме бар. Қандай спортқа бергісі келеді ата-ана соған жаздырып, уақытында баласын жіберіп отырса болды. Ал баланы дайындау — ол біздің мәселе».

Сырымбек Белесбек осы залда жаттығу жасап жүр. Кикбоксингпен айналысқанына 10 жыл болыпты. Жасы небәрі 16-ға келсе де жетістіктері аз емес. Кикбоксингтан Қазақстанның 2 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

Сырымбек Белесбек, жас спортшы: «Өзіміздің мөлтек ауданда ашылғаны дұрыс болды. Әйтпесе басқа жаққа сандалып, біраз уақыт алатын. Жолақысы бар. Осында ашылғаны жақсы болды ғой. Тамыз айында  әлем кубогы бар Венгрия, Будапештте соған дайындық жасап жатырмыз. Арманым олимпиада чемпионы болу».

Спорттық кешен иесі мен жастар ресурстық орталығы өзара келісімге келіп отыр екен. Орталық жас кәсіпкерге құжаттарды заңдастыруға жәрдемдеспек. Сонымен қатар, үйірмелерге тегін қатысатын балаларды арнайы форма және жаттығу құралдарымен қамтитындарын айтты.