5 жасар баладан Кавасаки тәріздес синдром анықталды

114

Шымкентте 5 жасар баладан кавасаки тәріздес синдром анықталды. Бүлдіршін қаладағы балалар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен ауыр халде жеткізілген.

Дәрігерлер науқасты шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызды. Қауіпті індет анықталған балақайдың жағдайы алғашқы үш күнде нашарлап кеткен. Тек төртінші тәулікте баланың денсаулық жағдайы тұрақтала түсті дейді ақ халаттылар.

Ақ халаттылар бұл биыл тіркелген кавасаки тәріздес мультижүйелі қабыну синдромына шалдығудың екінші жағдайы деп отыр. Ал былтыр бұл синдром қалада үш баладан анықталған. Медицина мамандары баланың дене қызуы +38,5-тен жоғары болса, іш ауыруы, құсу, жүрек айнуы, денеде бөртпе дақ пен жөтел пайда болса, міндетті түрде дәрігер шақырту қажеттігін ескертеді. Өйткені, бұлар – кавасакидің алғашқы белгілері.

Дер кезінде дәрігерге көрінбесе, соңы қайғылы жағдайға алып келуі де ықтимал. Өйткені, ауру жүрек пен өкпе, асқазан, ішек жолы немесе жүйке жүйесі секілді ағзаның бірнеше жүйесін бірден зақымдайды.

 Олжас Айдарбек