Úı ANONS Көкпар кезіндегі жанжал аңшылық мылтықпен атумен аяқталды

Көкпар кезіндегі жанжал аңшылық мылтықпен атумен аяқталды

фото 24.kz
 Меркі аудандық соты атыс қаруын қолданумен жасалған бұзақылық фактісі бойынша азамат М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 293-бабының 3-бөлігі).  2026 жылдың қаңтарында «көкпар» ұлттық ойыны кезінде Кеңес ауылының екі тұрғыны арасында ауызша жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Біраз уақыттан кейін жанжалға қатысушылардың бірі болған оқиға туралы туысына (сотталушы М.-ға) хабарлаған. Сотталушы жанжал жалғасқан жерге жеткенде, бұзақылық ниетпен әрекет етіп, үйіне барып, өз атына заңды түрде тіркелген ИЖ-81 аңшылық мылтығын алып, оны резеңке оқпен зарядтап, жәбірленушіні атып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. М.-нің әрекеттері ауыл тұрғындары арасында үрей туғызып, қоғамдық тыныштықтың бұзылуына әкеп соққан.
 Кінә тараптардың, куәлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Прокурор сотталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, тайып кеткенін және мылтық кездейсоқ атылғанын түсіндірді. Болған оқиғадан кейін ол жәбірленушіні дереу ауруханаға жеткізіп, көмек көрсетті. Жәбірленуші М.-ді кешіргенін және оған ешқандай талап қойылмағанын, тараптар татуласқанын хабарлады.
 ҚК 293-бабы 3-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот кінәні мойындауын, шын жүректен өкінуін, жәбірленушімен татуласуын, оң қырынан сипатталуын, 4 кәмелетке толмаған балаларының, қарт ата-анасының және жұмыс істемейтін жұбайының болуын, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
 Сот үкімімен М. ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. ҚК 63-бабын қолдана отырып, тағайындалған жаза шартты деп танылды. Үкім заңды күшіне енді.